spot_img
Жексенбі, Қараша 24, 2024
-7.5 C
Kokshetau

Қосшыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда

Сондай-ақ...оқыңыз

Қосшы қаласы Ақмола облысында көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарында.  2023 жылдың 7 айының қортындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасалған. Бүгінде қалада 3070 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр.

Халық саны өте жедел қарқынмен өсіп келеді. Алғашқы жарты жылдықта тек ересек тұрғындар саны ғана 5 мың адамға артып, жалпы саны 18 мыңға жеткен. Бұл есепке бала-шағаның саны кірмейді. Осы уақыт ішінде тұрғындар саны 274 адамға көбейген. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама! Қазір ресми санақ бойынша халық саны 54 мыңға жеткен. Алайда ресми емес дерекке сенсек, тіпті 100 мыңнан асады.

Қаланың сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 158 шақырым, ауызсумен қамтамасыз етілуі – 85%. Өткен жылдан бастап 1500 абонент қосылған. Суды жалпы тұтыну – тәулігіне 7,5 мың текше метр, қуаты тәулігіне 10 мың текше метр. Коммуналдық қызмет атқарған жұмыстардың нәтижесінде күн сайын екі жарым мың текше метр ауызсуды үнемдеуге қол жетті. Халық тұтынатын су Нижнероманов кен орнында қазылған 29 ұңғымалар арқылы жүзеге асырылады, қазіргі уақытта оның 24-і пайдаланылса, резервте – 5-еуі тұр.

Қазіргі күні республикалық бюджет есебінен сумен жабдықтау желілері құрылысының 4-інші кезегі жүргізілуде, жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге 128,6 шақырым торап салу көзделген. Былтыр 30 шақырым су желісі тартылған, биыл 50 шақырым су желілері салынады, жобаның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы. Қаражар сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін су құбырын салу жобасы әзірленді. Перспективалы құрылысы бар учаскелерді сумен жабдықтау бойынша жоба әзірленуде. Бұл бесінші кезек. Болашақта су тапшылығын шешу үшін Нижний-Романов кен орнынан су құбырының екінші тізбегін салу нұсқасы жоспарда бар, онда тәулігіне 22 мың текше метр су қоры расталды,– дейді қала басшысы.

Биыл сумен жабдықтау және су ағызу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары және кәріз сорғы станциясына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге Қосшы қаласының су бұру желілері ағымдағы жөндеуден өтті. Жеке инвестициялар есебінен ағымдағы жылы қуаттылығы тәулігіне он мың текше метрді құрайтын тазарту құрылыстары кешені жобасы әзірленуде. Сондай-ақ кәріз желілерін салудың екінші жобасы әзірленді. Одан бөлек, нөсер кәрізі құрылысының жобасы әзірлену үстінде. Бұл жобаны іске асыру кешенді жоспар шеңберінде 2023-2025 жылдардан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен көзделген.

Қазіргі уақытта Қосшы қаласының бас жоспары әзірленуде, онда нөсерлі кәріз схемасы көрініс табатын болады. Бас жоспар бекітілгеннен кейін жобалық сметалық құжаттама әзірлеу басталады. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін жоғарыда аталған жобалар бойынша бюджеттік өтінімдер салалық министрлікке жіберілетін болады. Республикалық бюджеттен уақтылы қаржыландыру кезінде іске асыруды бастау 2024 жылға жоспарланып отыр. Осы іс – шараларды іске асырсақ, қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының толық жобалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Қосшылықтар үшін тағы бір өзекті мәселе – электрмен жабдықтау. Қалада құрылыстардың жылдам қарқынмен салынуына байланысты электрмен жабдықтау қажеттілігі күн сайын артып келеді. Қажеттілік – жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1500 учаскені құрады. Осы мәселені шешу үшін электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобалар әзірленуде: төртінші кезекті іске асыру – республикалық бюджет есебінен кешенді жоспарда көзделген. Сондай – ақ электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша бесінші кезектегі жоба жеке инвестициялар есебінен  әзірленуде. Қолданыстағы электр желілерінің жалпы қашықтығы – 400 шақырым.

Жаңа Бас жоспарда қуаты 40 мегаватт болатын екінші қосалқы станцияны орналастыру жоспарланған. Электрмен жабдықтау желілері объектілерінің құқық белгілейтін құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен жаңа желілерді салуға, қаланың орталық қазандығын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын және Тайтөбе ауылын электрмен жабдықтауын желілерін өзгертуге жұмыс атқарылуда.

Қалаға қуаты сағатына 75 гигакалорияға жететін Орталық қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде қолданыстағы жылу энергиясының тапшылығы 5 гккал / сағ құрап отыр.

Ағымдағы жылы жылу беру маусымын өткізу үшін облыстық бюджеттен қазандық пен жылу желілерін ағымдағы жөндеуге – 380 млн теңге, көмір сатып алуға – 235 млн теңге және желілерге техникалық тексеру жүргізуге 9 млн теңге қарастырылған.

Қаламызда құрылыс қарқынды жүруде. Жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі туындауда. Осы мәселені шешу үшін қолданыстағы қазандықтың қуатын сағатына 96 гигакалорияға ұлғайту бойынша жоба әзірленді, қазіргі уақытта сараптамада.

Қосшы қаласын газбен жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2020 жылғы 2 шілдеде басталған. Алайда Астана қаласы тек 2023 жылдың 23 мамырында техникалық шарттар мен қосылу нүктесін белгіледі. Қалаға көлемі сағатына 32 мың текше метр газ бөлінді. Қазіргі уақытта қалаішілік желілерінен келетін газ құбырын жобалау жұмыстары аяқталып, жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Тайтөбе ауылын газбен жабдықтау Қосшы қаласы арқылы жүзеге асырылады.

Шаһарды газбен жабдықтау желісін пайдалана отырып, жеке инвестициялар есебінен газды қазандық салу бойынша жоба әзірленуде. Бұл қазандық жаңа көпсалалы аурухананы, қала мешітін, Сиреневый сад, Табыс құрылтай тұрғын үй алабын, көптеген әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Қалада жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қосшы қаласының көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайды, оның ішінде асфальтбетон жабыны 95,7 шақырым, қиыршық тас- жабыны 32,2 шақырым және топырақ жамылғысы 57,1 шақырым.

Қазіргі күні Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының жолдарын салу және күрделі жөндеу бойынша 4 жоба қолға алынды. Жалпы ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен 35 шақырымнан асатын жолдарды салу және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Биыл қашықтығы 16,4 шақырым қалаішілік жолдарды салу жобасын әзірленген. «АБК Автодор НС» ЖШС мердігерлік ұйымы бұл жобаны өз қаражаты есебінен іске асыруды бастады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жаңа мектеп-гимназияның және Нұрай тұрғын алабындағы №3 мектептің жанында жүргізілуде.

Тұрғындарды көптен мазалап келе жатқан мәселенің бірі – қоқыс мәселесі. Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы әуежайдың 15 шақырымдық аймағына кіретіндігіне байланысты құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес, бұл аумаққа полигон салу мүмкін емес. Қоқыс қалдықтары Астана қаласының полигонына шығарылады.

Сондай-ақ, биыл автогрейдер, фронтальды тиегіш, манипулятор және эскаватор мен асмашина сатып алынды. Бұдан басқа, облыстық бюджет есебінен 31 контейнерлік алаң орнатылды.

Тайтөбе ауылында 1 ойын алаңын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. «Лесная поляна» тұрғын алабында 5 ойын алаңын орнатуға келісімшарт жасалды. Тағы 3 ойын алаңы бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде.

Тұрғындарды еңбекке жұмылдыру бағытында бірталай іс-шаралар атқарылып жатыр.

Ағымдағы жылы 669 жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына жыл соңына дейін бір мың жаңа жұмыс орнын ашуды жүзеге асыруды тапсырамын,– деді Гайдар Қаболлаұлы.

Сондай-ақ, биыл бір ауысымда 100 адамды қамтитын емхананың құрылысы аяқталды. Енді 350 орындық көпбейінді аурухананы жобалау жүргізілуде, қазіргі уақытта жер учаскесі анықталды, болжамды сомасы 10 млрд теңге. Одан бөлек, 2025-2026 жылдары 6 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясын салу бойынша ұсыныс енгізілді. Қазіргі кезде 3 медициналық көмек бригадасы,  «Жанұя» отбасылық медицина мекемесінің бір бригадасы, қала емханасының 1 бригадасы қызмет көрсетеді.

Биыл наурыз айында облыстық бюджет есебінен Қосшы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Биыл 400 орындық мәдениет үйін салу жобасын әзірледік. Жобаны іске асыру 2024-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарда көзделген,– деп қала басшысы өңірде жүргізіліп жатқан тағы бірқатар нысандарды атап өтті.

Қалада 7 орта білім беру мектебі жұмыс істейді, оның бірі жеке меншік, 31 мектепке дейінгі ұйым бар. Мектептерде білім алушылардың жалпы контингенті 10809 оқушы. Қаланың мектепке дейінгі ұйымдарында – 3523 бала және Тайтөбе ауылында 130 бала білім алуда. Жаңа оқу жылында 2 мектептің құрылысы аяқталды, оның біреуі жеке инвестициялар есебінен, нәтижесінде үш ауысымдық оқыту толығымен жойылды. Абай көшесіндегі 1200 орындық мектепті аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарлануда. Қосшы қаласында 2 мектеп, Тайтөбе ауылында 1 мектеп.

Мектептерді оқулықтармен және көркем әдебиет кітаптарымен қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылына 270 млн теңгеге 12 басылыммен шарт жасалды. Бүгінгі таңда оқулықтар 100% толық жеткізілді. Мектептер оқушыларды санат бойынша толық қамтыды.

Қалада әрқайсысы 280 орынға арналған 3 балабақша құрылысы жүргізілуде, оның 2-і жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды.

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету де бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған орай 45 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Бұл үй Қосшы қаласының кезекте тұрған тұрғындарына «Отбасы банкі» арқылы арзан бағада несие шарттары бойынша берілетін болады. Сондай-ақ проблемалық құрылыс объектілерінің үлескерлерімен жұмыс жүргізілуде.

Жалпы, Кешенді жоспарда Қосшы қаласын дамытуға 30 іс-шара көзделген.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img