Онкологиялық аурулар мәселесі бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау жүйесінің басты мәселелерінің бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, планетаның әрбір 5-ші тұрғыны қатерлі ісікке шалдығады. Әрбір 8-ші ер адам және әрбір 11-ші әйел осы аурудан қайтыс болады. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник осындай ақпаратпен бөлісті.
Оның айтуынша, өлім бойынша қатерлі ісік жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр. Бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруы тұрақты түрде өсуде.
«Қазақстанда соңғы 20 жылда онкопатологиямен сырқаттанушылық 25%- ға артты. Статистика бойынша, жыл сайын онкологиялық аурулардың 30 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. 217 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауға алынған бар және олардың жылдық өсімі шамамен 5%- құрайды. Науқастардың 56% – 18 бен 63 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Ер адамдарға қарағанда әйелдер жиі ауырады», – деп хабарлады спикер.
Таралуы бойынша бірінші орында – сүт безі обыры (13%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – ішек обыры (9%) тұр. Жыл сайын 5 мың әйелге сүт безі қатерлі ісігінің диагнозы қойылады.
«Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болады. Әсіресе қатерлі ісіктен ер дамдар жиі өледі, бұл өлім құрылымымен байланысты. Бірінші орында – өкпе обыры (16%), екінші орында –асқазан обыры (12%), үшінші орында-ішек обыры (11%), 4 орында – сүт безі обыры (8%) тұр», – деп атап көрсетті спикер.
Темекі шегу өкпе қатерлі ісігінің 90%-ның себебі болып табылатыны анықталған.