ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Сырым Шәріпханов жылу беру маусымы қарсаңындағы алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Шығыс Қазақстан облысының басшысы Ермек Көшербаев өңірлердегі жергілікті ахуал туралы мәлімдеді.
Статистикаға сәйкес, жыл сайын жылыту маусымының басталуымен қатар өрт саны өрши түседі. Жалпы, тұрғын үй секторында олардың саны жыл басынан бері 4 мыңнан асты. 203 адам қаза тапты, күйік шалғандар мен уланғандар саны – 193 адам.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Шымкент қаласында, Жамбыл, Ақтөбе, және Қарағанды облыстарында өрт кезінде қаза тапқандар саны артып отыр.
«Халықты өрттен қорғау деңгейін арттыру және өрттен келетін залалды азайту мақсатында жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар, акциялар, науқандар және халықпен жиындар өткізіледі. Өрттің алдын алу және жою бойынша заманауи технологиялар енгізу мақсатында Министрлік әлемнің дамыған елдеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық тәжірибені зерделеп, әлемдік өрт статистикасын талдады. Ғылыми ерттеулер көрсеткендей, өрттің басталған уақытынан 5-6 минуттан кейін адам өлімі орын алады», — деді Сырым Шәріпханов.
Сол себепті, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс бекеттерін автоматтандыру арқылы өрт туындаған сәтте азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқартудың барлық мүмкін жолдары қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізу мүмкіндігі үшін, 95 мың мүмкіндігі шектеулі жанның тұрғылықты жері бойынша деректері енгізілді.
Министрлікті трансформациялау шеңберінде халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылып келеді. Күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі талаптарын азаматтарға жеткізудің қолжетімді тәсілі – ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қызметкерлер тарапынан ақпарат құралдарында 4,5 мыңнан астам сұхбат берілді.
«Мысалы, тамыз айында біздің Министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «ГАЗБАЛЛОН» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізді. Автожолдар мен паркингтерде рейдтік іс-шаралар өткізілді. Өткен жылы жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және заңсыз жұмыс істейтін жатақханаларды анықтауға бағытталған «Жатақхана» өрт қауіпсіздігі акциясы оң нәтижесін берді. Рейдтік іс-шаралармен 1,5 мыңға жуық жатақхана қамтылды. 700 жатақханада 3 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталды», — деді спикер.
Оның мәлімдеуінше, бұл жұмыстың тиімділігі жатақханадағы өрттер мен зардап шеккендердің және адам өлімінің азаюымен расталады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өрт 36%-ға, зардап шеккендер – 2,5 есеге, қаза тапқандар 6 есеге қысқарды. Биылғы науқан қараша айына жоспарланған.
«Жыл соңына дейін «Улы газдан сақтан» және «Қауіпсіз Жаңа жыл» ақпараттық кампанияларын өткізу жоспарлануда, онда негізгі қызметтен қол үзіп барлық жеке құрам тартылатын болады. Бүгінгі таңда профилактикамен 300 мыңнан астам үй қамтылды, 800 мыңға жуық азаматқа нұсқау берілді, 100 мың заң бұзушылық анықталды», — деді ведомства басшысы.
Өткен жылдардағыдай тұрғын үй секторындағы профилактиканың назарын халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасылардың үйлеріне бағытталған. 130 мыңнан астам адам есепке алынды.
Газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктерді орнату тиімді тәжірибеге айналды. 2016 жылдан бері шамамен 193 мың датчик, оның ішінде биылғы жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуығы орнатылды.
«Осы тәжірибені енгізгеннен бастап аталған жұмыстың тиімділігін айқындайтын 49 жағдай тіркеліп, 219 адамның қаза табуына жол берілмеді. Осы орайда халықтың өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын атап өту қажет. Мәселен, биыл 10 мыңнан астам үйдің тұрғыны профилактикалық консультациядан бас тартты. Осыған байланысты, біз әлеуметтік желілер, тұрғын үй чаттары мен білім беру ұйымдары арқылы «Мектеп – балалар – ата-аналар» науқанын жүргізіп, отбасыларға өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын кедергісіз енгізіп жатырмыз», — деді Сырым Шәріпханов.
Жылу беру маусымындағы проблемалардың бірі – тұрмыстық газды пайдалануға байланысты туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу. 28 қыркүйекте, Алматы облысында құрылғының ақауы салдарынан екі тұрғын үйде газ жарылысы орын алып, нәтижесінде 9 адам зардап шекті, 3-еуі қайтыс болды.
«Біздің ұсыныс бойынша, Министрлік өкілінің қатысуымен бұл фактілер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық Комиссияның жоспардан тыс отырысында қаралып, өзекті мәселелер айқындалды. Мысалы, бүгінде өңірлерде тұрмыстық тұтынушылардың газ құрылғыларын пайдалану бойынша қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын білікті мамандардың жетіспеушілігі және штат бірліктерінің тапшылығы байқалады. Бұл функция 2021 жылдан бастап әкімдіктерге жүктелді және тұрғын үй инспекциясы іске асырып отыр. Өткен аптада, менің төрағалығымен өңірлердің әкімдерінің орынбасарларымен тұрмыстық газ баллондары мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде халықтың қауіпсіздігін арттыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Бірқатар ұсыныстар берілді», — деп мәлімдеді ол.
Жылу беру маусымында ірі төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін әкімдіктер төтенше жағдайлар аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп нысандардың, оның ішінде мемлекеттік және жеке тұрғын үй иелерімен, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау жөніндегі сервистік компаниялармен профилактикалық жұмысты жалғастыруы қажет.
«Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері, әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй қауіпсіздігін, оның ішінде газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету үшін тұрғын үй инспекциялары тарапынан әкімшілік шараларын қолданып тиімді бақылауды арттыруы, газ толтыру пункттерінің иелері арасында тұрмыстық баллондарды сәйкестендіру тәртібі туралы түсіндіру жұмысын және оларды есепке алу жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек. Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері интернет желісінде өртке қарсы тақырыпта «қалқымалы жарнама» орналастыруға жәрдем беруі қажет деп санаймын», — деп қорытындылады сөзін ТЖ министрі.