Қосшы қаласының прокуратурасы полиция қызметкері тарапынан әкімшілік хаттамаларды бұрмалау фактілерін анықтады, деп хабарлайды Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Мәселен, учаскелік полиция инспекторы 2021 жылдың мамыр және тамыз айларында полицияда профилактикалық есепте тұрған Қосшы тұрғынына қатысты тыныштықты бұзғаны үшін (ӘҚБтК 437-бабы) және иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБтК 408-бабы) екі хаттама жасады. Бұл ретте құқық бұзушының қолы мен түсіндірмесін ол бұрмалаған. Сонымен қатар, «С» азаматы 2021 жылдың мамыр айында Ресейге барып, хаттама жасау кезінде тіпті Қазақстан Республикасының аумағында болған жоқ.
Осылайша, учаскелік инспектор өзінің ведомстволық көрсеткіштерін жасанды түрде арттырды.
Қала прокурорының наразылығы бойынша сот әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңсыз қаулылардың күшін жойды. Ал полицейге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 416-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеуді Ақмола облысы прокуратурасының арнайы прокурорларымен жүзеге асырды.
Қосшы қ. сотының 2023 жылғы 7 ақпандағы үкімімен полиция қызметкері бір жылға бас бостандығынан айырылды. Осыған қоса рақымшылық актісі бойынша негізгі жазадан босатылып, бес жылға мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданылды. Үкім заңды күшіне енді.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс әрқашан қала прокуратурасының ерекше бақылауында болады.