Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен өңір әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен прокуратураның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен сумен жабдықтау мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті.
Сөз сөйлеу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша анықталған сумен жабдықтау саласындағы бірқатар проблемалық мәселелерді айтты.
Айта кетейік, сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы халықты толғандыратын салалардың бірі ретінде облыстың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енгізілген. Сумен жабдықтау проблемалары облыстың көптеген аймақтарында бар, барлығы 30-ға жуық проблемалық нысандар анықталды.
Мониторинг белгілегендей, жекелеген мердігерлік ұйымдар сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау жөніндегі өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамайды. Бұл ретте тапсырыс берушілер жобаларды уақтылы және сапалы орындау жөнінде шаралар қабылдамайды. Мысалы, компаниялардың бірі облыстың 6 ауданында 2 млрд теңгеден астам сомаға шарт жасасты. Алайда, іс жүзінде барлық шарттар бойынша кестелердің артта қалуына немесе сапасыз жұмыстарға байланысты жұмыстарды орындау мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар, мердігердің қажетті материалдық-техникалық базасы мен білікті мамандары жоқ екені анықталды.
Спикер, мердігерлер ЖСҚ-ның кемшіліктері мен қате есептеулері туралы біле тұра, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасып, одан кейін материалдар мен жұмыстардың қымбаттауына сілтеме жасай отырып, жобаны түзетуді ұсынатын және сол арқылы өз жұмыстарының мерзімдерін ұзартатын осындай тәжірибеге жеке тоқталды. Нәтижесінде барлық тәуекелдер мен қымбаттаулар бюджет қаражаты есебінен өтеледі, ал мердігерлер объектілердің берілуін жылдар бойы кешіктіреді. Соның кесірінен аймақ халқы зардап шегеді.
«Бүгін айтылған проблемалық объектілер әлі пайдалануға берілмегендіктен, олар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде шұғыл шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе, лауазымды тұлғалар мен жосықсыз мердігерлер жауапкершілікке тартылатын болады», – деді Арман Рахимов.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік органдар мен мердігерлік ұйымдардың есептерін тыңдап, жобаларды уақтылы және сапалы аяқтау мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан, бізді облыстың елді мекендерін сумен жабдықтау мәселесін шешу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, өйткені бұл тұрғындардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады», – деп қорытындылады өңір басшысы.