Өткен ақпан айында іскерлік белсенділік индикаторы 50,0 көрсетті. Бұл оң және теріс өзгерістер болмағанын білдіреді, деп хабарлайды Aqmolanews Ұлттық банкке сілтеме жасап.
«Индекс мәні 49,1-ден 51,6-ға дейін көтерілген құрылыста іскерлік белсенділіктің жақсарғаны байқалады. Қызмет көрсету секторында индекстің төмендеуіне қарамастан, ол 50,6 болып (2023 жылғы қаңтарда – 52,0), өсу аймағында қалды. Өндірісте іскерлік белсенділік индексі қаңтардағы 51,0-ден 49,7-ге дейін аздап түсіп, төмендеу жағына өтті. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде көрсеткіш биылғы қаңтарда 45,8-ден 46,6-ға дейін аздап жақсарғаны байқалды, дегенмен, көрсеткіш теріс аймақта қалды. Өндіріс пен тау-кен өндіру өнеркәсібінде жұмыспен қамту деңгейі де төмендеген», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Сонымен қатар бизнес-ахуал индексі аздап жақсарды. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, бизнесті жүргізудің ағымдағы жағдайы аздап төмендеуіне қарамастан, жалпы қолайлы саналады, ал болашақ жағдайларға қатысты күтулер жақсарған.
Нәтижесінде, ағымдағы және болашақ бизнес жағдайлардың орташа бағасын білдіретін бизнес-ахуал индексі 12,8-ге дейін көтеріліп (2023 жылғы қаңтардағы 11,9-дан), бизнес-цикл «сағатының» көресткіші өсу аймағында қалды.