Құлагердей жүйрік тұлпарды тудырған Көкше жерінде ұлттық ат спортына аса назар аударылмай келе жатқаны көпті қынжылтады. Өйткені күні бүгінге дейін кезінде әлемде Қамбар ата түлігін тұңғыш қолға үйреткен Ботай қонысы болған өңірде жылқы тұқымын тек соғымға сойып жүр, деп хабарлайды Aqmolanews ақпараттық агенттігі «Айқын» газетіне сілтеме жасап.
Асфальтта өскен қала баласы түгіл ауылда туған дала баласының қазіргі уақытта атқа мінуі сиреп бара жатқаны жиі айтылады. Дегенмен, спорттың басқа сан түрлі саласына миллиардтаған қаржы еш қиындықсыз бөлініп жатқанымен, ұлттық спортқа оның ішінде, ат спортына келгенде, кежегенің кейін тартуы, өкінішке қарай, бар сияқты.
Жылқы мінудің жанға жайлы, дертке дауа болатыны атам заманнан-ақ белгілі. Өйткені елге белгілі ғалымдар мен медицина ғылымының мамандары атқа мінген адамның бойында еркіндік, айбынды рух пен батылдық, жігерді жанитын ерекше намыстың оянатынын растайды. Тіпті, ата-бабаларымыздың ұрпағының көп болуы да осы жылқыға мінуінің арқасында деп аға ұрпақтан жиі естиміз. Атқа мініп жүрудің басқа ешбір массаж яки медициналық аппаратпен қайталау мүмкін болмайтын ерекшелігі бар екенін де дәрігерлер дәлелдеп отыр. Бұл тұрғыда туабітті ДЦП немесе қазіргі күні тұтас еліміздің аумағында аса көбейіп бара жатқан – аутизм дертіне шалдыққан балалар үшін аса пайдалы екені де расталып отыр. Қазақтың барлық қадір-қасиетін жылқыға теңеп, жылқымен байланыстырсақ та, балаларды иппотерапиямен яғни жылқыға мінгізіп емдеумен тек Ақтөбе облысы және жақында елордада ашылған арнайы манежді орталықтардың жұмыс істеуі мәселенің аса өткір екенін айғақтайды.
Мамандардың айтуынша, иппотерапия адамның орталық мидағы қан айналымының жақсаруына ықпал етеді. Яғни атқа мінген баланың бойындағы 62 тамырында қан жүйткіп, ауру баланың тезірек жазыла бастауына, ағзаның жедел дамуына мүмкіндік береді. Әсіресе, психикалық және физикалық жетілуінде белгілі бір тежелуі бар балалардың иппотерапия арқылы біршама қалпына келіп, тіпті аттай шауып қатарластарымен теңесіп кеткен мысалдары да жетерлік. Мұнымен қоса, иппотерапиямен емделген балалардың есте сақтау қабілеті артып, оқу бағдарламасын игеруінде де мол септігін тигізетіні анықталған. Науқас балалардың интеллектісінің дамуына ықпал ететіні айтылады.
Құлагердің тұяғы тиген Көкшетаудың «Құлагер» атшабары базасында осындай арнайы манеж ашу мәселесін бұрынғы ұлттық спорт мектебінің бұрынғы директоры, қазіргі зейнеткер Марат Қойшин 9 жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Бірақ күні бүгінге дейін түрлі сылтаулармен қаражат бөлінбеген.
– Солтүстікте алты айға жуық қатты аяз болғандықтан «Құлагер» атшабары қазір қысы-жазы бос тұрады десек те болады. Жылына ары кетсе, 2-3 шара өтеді. Қалада өсіп әбден нәзік болып бара жатқан балаларымызды атқа мінгізу қазір азайып барады. Өйткені өңірде қазақы ауылдар құрып, халықтың көбі қалаға қоныс аударып жатыр. Жазғы уақыттың өзінде ауылға барып баласын атқа мінгізіп үйрететін отбасылар кемде-кем. Үш-төрт күзетші бар. Жаттықтырушылар да бар. Атшабарда арнайы манеж салатын жер де бар. Ұлттық спорт мектебінде 30-40-тай аттарымыз да дайын. Аумағы 80х30 метрлік жабық манеж салу туралы облыс әкімдігіне 9 жылдан бері қақсап келемін. Бірақ әне-мінемен сағыздай созып келеді. Манеж жобамен үш бөлікке бөлінеді. Бірінші бөлігінде аттармен күнделікті жаттығулар жасалады. Екінші бөлігінде науқас балалармен иппотерапиялық жаттығулар жасалады. Үшіншісінде, жалпы жұртшылыққа аттарды жалға алып мінгізуге болады. Ал кішкентай бір бөлікте балаларға киім киіп шешінетін, ветеринар және дәрігер мамандары отыратын орын болады. Жобасын әзірлеп қойғанмын. Шамамен 20 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау керек. Жылқылар болғандықтан кішкентай ғана бөлігін болмаса ғимарат жылытуды да қажет етпейді. Бірақ облыс әкімдігі мен тиісті сала басшылары тарапынан қолдау таппай тұр. Басқа салаларға қаражат бөлгенде, ұлттық оның ішінде қазақтың қанына біткен ат спортына берілмей тұрғанына ішің удай ашиды. Жақында облыс әкіміне тағы кіріп осы мәселені тағы да бір мәрте айтып көрмекпін, – дейді Марат Қойшин.
Балалар үшін, әсіресе аутизм және ДЦП дертімен ауыратын балалар үшін мұндай жобаның ауадай қажет екенін Көкшетау қалалық №1 арнайы мектеп-интернатының директоры Ольга Бурдинская да растап берді. Оның айтуынша, пандемияға дейін мектеп балалары күзгі және көктемгі уақыттарда иппотерапиялық ем қабылдау үшін бір жыл шамасында ұлттық спорт мектебіне барып тұрған. Бірақ пандемия басталғаннан кейін бәрі кілт тоқтаған.
– Бізде жалпы саны 92 бала аутизм дертіне шалдыққан. 2018 жылдың соңы мен 2019 жылдары науқастанған балалар ата-аналарымен атқа мініп, иппотерапиялық ем қабылдайтын. Балалардың көңіл күйі көтеріліп, едәуір жақсарып қалатынын көзімізбен көріп жүрдік. Ата-аналар да мұны балаларына жақсы әсер еткенін айтатын. Балалар қыста суық болғандықтан көктемгі және күзгі уақыттарда осы иппотерапиялық жаттығуларға баратын. Бірақ пандемия басталған кезден аталған іс кілт тоқтады. Өз тәжірибемнен байқағандай, жылқымен емдейтін иппотерапиялық мұндай жабық манеж салынса, балалар үшін өте керемет болар еді. Жыл бойына балаларымыз үзбей барып, балалардың дамуына оңтайлы жағдай жасалар еді, – дейді Ольга Бурдинская.
Расында да облыс пен аудан орталықтарында түрлі спорттық кешендер салынып жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешендер де қажет болғанымен, елде ұлттық спортты дамытуға назар аудару қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап көрсеткен. Дегенмен, атпен емдейтін иппотерапиялық манеждің әзірге салынбауының облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы бірнеше себептерін атап көрсетті.
– Ұлттық спорт оның ішінде ат спортының төрге озғанын біз де қалаймыз. Бірақ иппотерапиялық манежді салуға кедергі болатын бірнеше факторды атап өтпеске болмайды. Біріншіден, қазіргі уақытта қолда бары Марат Молдашұлы ағамыз Ақтөбеден алып келген көшірмелер ғана. Нақтысы жоба ескірген. Оны қазіргі бағамен қайта жоспарлау керек. Екіншіден, «Құлагер» атшабары Көкшетау қаласынан тыс Краснояр селосының іргесінде тұр. Яғни балалардың оған барып-қайтуына мүлде ыңғайсыз. Логистика жоқ. Қоғамдық көліктерде халық онсыз да иін тіресіп тұрады. Сондықтан оны «Құлагер» атшабарында емес, қаланың ішінен салу анағұрлым көбірек баланың қатысуына мүмкіндік береді. Жоба шамамен 1 миллиард теңге тұрады. Жерді ұлттық спорт мектебінен қалалық әкімдікке беріп, жобалық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан қандай жерде ашылуын анықтау үшін халықтан сауалнама жүргізу керек. Жаңа жобаларға қазір қаржы берілмей жатыр. Тек дайын жобалар бойынша аудан орталықтарында ФОК-тар салу үшін қаражат бөлінбек, жаңа мәслихат сайланған соң мәселе тағы бір мәрте көтеріп, жоба мен салынатын жер жағдайын анықтамақпыз, – дейді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұлттық және бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Қуаныш Қарауылов.
– Қалай десек те, ұлттық мән-маңызға ие әрі тәрбиелік тағылымы мол саланың жуық арада шешілетін түрі көрінбейді. Түйінді мәселенің шешілуі ең алдымен тағы да қаржыға келіп тіреледі. Ал ұлттың айбыны мен рухын көтеретін, ұлттың ертеңгі ұланының бойына рух пен жігер беретін мәселеде жылдамырақ әрекет ету қажет пе деген ой мазалайды…