Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары колледжінің ғимаратында «Ауғанның отты жылдары» тақырыбында Ауған соғысының аяқталғанына 34 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Жиында жастар Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу арқылы сұрапыл соғыс жайлы мағлұмат алып, бойларында патриоттық сезім ұялатып, өрелік қабілеттері кеңейгендей.
Аталмыш білім ордасының фойесінде «Уақыт бізді таңдады…» атты жауынгерлердің хаттары, әскери формалары, фотосуреттер мен түрлі наградалардан тұратын ақпараттық көрме қойылған. Сондай-ақ, жиын қатысушыларына отты күндер туралы слайдтар және қысқаметражды бейнефильм де ұсынылды.
Тағылымды шараның модераторы – «Қоғамдық даму орталық» КММ басшысы Айдын Раисов кештің қонақтарын таныстырып, өзінің кіріспе сөзінде Ауған соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысының орынбасары Нариман Абдрахманов қатысты. Кештің арнайы қонақтары Ауған соғысының ардагері Ақмола облысы «СВВА» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Қорғаныс Министрлігінің Жоғары техникалық мектебінің директоры Дуанбай Ыбрайға және Ауған соғысының ардагерлеріне, сондай-ақ Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары колледжінің оқытушысы Амантай Қайнетовке сөз кезегі берілді.
«Қатысушылар сұрапыл соғыстың әкелген зардаптарына тоқталып, өздерінің азаматтық парыздарын жастарға ұғындыра білді. Естеріңізде болса Ауған соғысы 1979 жылдың 25 желтоқсанда басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталды. Кеңес әскерінің ресми деректері бойынша бұл сұрапыл соғыста 15 мыңнан астам совет офицерлері мен солдаттары қаза тапты. 35 мыңнан астам адам жараланып, оның біразы мүгедек болып қалды. Осы соғыс әрекеттері КСРО ға 5 млрд. сом шығын әкелді. Ал осы соғыстың ел басына әкелген қайғы-қасіретінде шек жоқ», – дейді ардагерлер.
Бұл соғысқа Қазақстаннан 21 979 адам қатысып, оның 780-і қаза тапты, ал 22-сі хабарсыз кетіп, із түссіз жоғалып кеткен. Иә, адамзат тарихындағы қанқұйлы оқиғалардың бірі осы – Ауған соғысы болғаны жасырын емес. Бұл соғысқа біздің өңірден де ер-азаматтар аттанып, өздерінің интернационалдық борыштарын өтеп қайтты.
Ерліктің даңқын көрсете білген соғыс ардагерлеріне студент-жастар тарапынан тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, өз пікірлерімен де бөлісті.
Шара соңында Тәуелсіз еліміздің дамып-өркендеуіне, сондай-ақ Отанды қорғау, өз еліне деген шынайы сүйіспеншілік, патриоттық сезімнің ерекше үлгісін көрсете білген ардагерлер Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсеткен жаужүрек ағаларымызға сыйлықтар табыс етіліп, тағылымды жиынға қатысқан жастар ардагерлермен естелік суретке түсті.