Соңғы рет мұндай апат елде 1939 жылы Эрзинджанда болған. Ол кезде 7,9 балдық зілзала салдарынан 33 мыңнан астам адам қаза тапты. Соңғы бір ғасырда әлемде қуаты 7 балдан асатын 2 мыңдай жер сілкінісі тіркелген екен. Солардың біразына Хабар арнасы шолу жасап өтті
Адамзат тарихындағы ең қуатты жер сілкінісі — 1960 жылы Чилидегі зілзала. Вальдивия қаласының маңындағы жер асты дүмпулерінің қуаты 9 балдан асып, 10 метрге дейін цунами көтерілген. Алып толқындар тіпті Жапония мен Филиппин жағалауларына дейін жеткен.
1923 жылы 1 қыркүйекте Жапонияның Канто аймағында тарихтағы ең жойқын жер сілкінісінің бірі болды. Қуаты 8,3 балға жеткен зілзала салдарынан Токио мен Йокогама толығымен қирап қалды. Ресми мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 140 мыңнан асып, миллиондаған тұрғын баспанасынан айырылған. Содан бері 1 қыркүйекте Жапонияда жер сілкінісі қаупінен сақтану шараларын пысықтайтын оқу-жаттығу жыл сайын өтеді.
2011 жылы Жапонияда тағы да жер сілкініп, соңы аласапыранға ұласты. Зілзала бірнеше елді мекенді жермен-жексен етті. Қуаты 9 балдық зілзаладан 10 метрге дейін цунами көтерілген. Ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан 16 мыңдай адам қайтыс болды.
1920 жылы Қытайдың Гансу және Шэнси провинцияларында 7,8 балдық жер сілкінісі болып, 270 000 адам қаза тапты. Ал 2008 жылы Қытайда зілзаладан 70 мыңдай адам жан тәсілім етті. Сычуань провинциясындағы жер сілкінісінің қуаты 7,9 балға жеткен.
2004 жылы Индонезияда Суматра аралында 2004 жылы 9,1 балл жер сілкінісі болған. Ізінше цунами қозғалып, 14 елдің жағалауын жайпап өткен. Бұл — тарихтағы ең ірі апаттың бірі.
2010 жылы Гаитиде жер сілкінісі 220 мың адамның өмірін қиды. 300 мыңнан астам тұрғын жарақат алған. Ал апат салдарынан келген материалдық шығын көлемі 5 миллиард еуродан асты.
Фото: massaget.kz