Қазақстанда 19 наурызға белгіленген кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы жаңа әрі ерекше тәртіппен өтпек. Осы орайда ҚазАқпарат алдағы саяси науқанға қатысты сарапшылар пікірін ұсынады.
Саяси алаңда жаңа 2 партия пайда болды
Танымал саясаттанушы Андрей Чеботарев Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың басты ерекшеліктерін айта келе, өткен жылғы өзгерістерден кейін ел Конституциясына және сайлау процесіне мажоритарлық жүйенің элементтері оралғанын атап өтті. Енді Парламент Мәжілісінің 29 депутаты бір мандатты округтерден сайланады.
«Қазірдің өзінде азаматтық белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары, Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде өзін көрсеткісі келетін танымал адамдар тарапынан белсенділік байқалуда. Менің ойымша, бұл қазіргі сайлау науқанын айтарлықтай жандандырады», – деді сарапшы.
Сонымен бірге саясаттанушы Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы сайлау туралы заңға саяси партиялар үшін сайлау шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету туралы түзетулер енгенін еске салды.
Оның айтуынша, бұл саяси партияларға Мәжіліске және ел мәслихаттарына өтуді едәуір жеңілдетеді.
«Үшінші өзгеріс – елде екі жаңа саяси партия пайда болды. Бұл «Байтақ» жасылдар партиясы және Respublica партиясы. Олар «жаңа ойыншы әсерін» пайдалана алады, яғни сайлаушылар кейбір партиялардан жалығады және осы екі жаңа партияға немесе ең болмағанда жасылдар партиясына дауыс бере алады. Өйткені «Байтақ» 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бастамашыл топ ретінде танымал, Respublica партиясы жақында ғана пайда болды», – деп пікір білдірді Андрей Чеботарев.
Қазақстандықтар жаңа Парламент құрамының куәсі болады
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов 19 науыздағы сайлау қорытындысында мүлдем жаңа Парламент көретіндігіне үміт артып отыр.
«Сайлау нәтижесінде мүлдем басқа, барынша белсенді, бастамашыл Парламентті көреміз деп үміттенемін. Парламентте қызу пікірталас пен пікірсайыс жүруі тиіс. Черчилль де «Көшеге қарағанда Парламентте төбелес пен күрестің болғаны жақсы» деп тегін айтпаса керек. Мұндай Парламент биліктің басты тармағы ретіндегі оның рөлі мен маңызын арттыру үшін жағдай жасайды», – дейді институт басшысы.
Айтуынша, бір мандатты депутаттар сайлауда бәсекені арттырып, саяси науқан қыза түсері сөзсіз.
«Жаңа Парламент шын мәнінде биліктің өкілдік органына айналады деп сенемін. Оның алаңында бүкіл қоғам үшін маңызы бар мәселелер көтерілетін болады», – деді Еркін Тұқымов.
Әділ сайлау азаматтардың белсенділігіне байланысты
Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов сайлаудың әділ өтуі – азаматтардың сол саяси додаға қатысу белсенділігіне байланысты деген деген ойды алға тартты.
«Алдағы кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңа, ерекше жағдайда өтейін деп тұр. Мұның барлығы Президент жүргізіп жатқан саяси реформалардың нақты жемісі, көрінісі деп айтуға болады. 2019 жылдан бері Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында саяси реформалардың 5 топтамасы қабылданды. Оның аясында еліміздегі белгілі саясаттанушылар, сарапшылар, қоғам белсенділерінің қатысуымен заңнамалық тұрғыда сайлау, саяси партиялар, шерулер туралы заңнамаларға өзгерістер енгізілді», – деді саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, алдағы өтетін сайлаудың бұған дейінгі саяси додалардан бір ерекшелігі – бұл сайлау жүйесінің өзгеруі.
«Осы жолы сайлау пропорционалды-мажоритарлы жүйемен өтеді. Демек, тек партиялық тізіммен ғана емес, сонымен бірге жекелеген азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы 29 мандат үшін таласқа түсе алады. Бұл орын тек Мәжіліс деңгейінде. Ал облыс, қала, аудан деңгейінде мәслихатта бұл үлес өзгереді. Мысалы облыста 50/50 болса, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз өзін өзі ұсыну арқылы сайлауға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр», – дейді Қазбек Майгелдинов.
Оның атап өтуінше, алдағы сайлаудан кейін Мәжіліске жаңа саяси күштердің, жаңа саяси партиялардың келуі маңызды.
Ал олардың төменгі палатаға өкілдік етуіне сайлау кезінде саяси партиялардың Парламентке өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елімізде саяси партияларды тіркеу шарттары да біршама жеңілдетілді.
«Әрине, бұл еліміздегі саяси алуантүрлілікке мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда мұны сайлаудың жаңашылдығы, ерекшелігі деуге болады. Мұнан бөлек, дауыс беру бюллетеніне «барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілді. Оның өткен кезектен тыс президент сайлауында қолданылғанын көрдік. Нәтижесінде үміткерлердің «барлығына қарсымен» деген сайлаушылардың үлесі 5 пайызды құрады. Бұл да азаматтардың сайлаудағы таңдау құқығы», – деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Жергілікті халық партияға емес, нақты адамдарға дауыс береді
Саяси белсенділіктің жаңа алаңы құрылады. Осылайша алдағы сайлау Қазақстанның саяси жүйесін біртіндеп қайта форматтауға ықпал етпек. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Татьяна Липина келтірді.
«Сайлау науқанынан өткендер сайлау нәтижесіне қарамастан, саяси белсенділіктің жаңа алаңын құрады. Олар басқа да сайлау қарсаңында саяси қызметін жалғастыра берсе, депутаттық мандаттар босаса, маңызды нәтиже болады», – деп түйіндеді аға ғылыми қызметкер.
Сарапшы сайлау жүйесі өзгергенін, пропорционалды-мажоритарлық форматта өтетінін еске салды. Енді Мәжіліс депутаттарының үштен бірін қазақстандықтар тікелей сайлай алады.
«Мажоритарлық жүйе сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл мәслихаттарға да қатысты. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада депутаттардың жартысы округтер бойынша, жартысы – партиялық тізіммен сайланады. Басқа елді мекендерде мәслихаттар құрамы толығымен округ бойынша сайланады. Яғни, жергілікті халық партияны емес, нақты адамдарды таңдайды», – деді Татьяна Липина.
Оның пікірінше, жаңа шақырылған Мәжіліске сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру міндеті қойылуы керек. Мысалы, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету шараларын кеңейту қажет.
Қазақстандықтарды Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан кейін не күтіп тұр
Осы аптада саяси сарапшылар 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қатысты әңгіме өрбітті.
Олардың пікірінше, алдағы сайлаудың ерекшелігі аралас сайлау жүйесімен өтетіндігі және бір мандатты округтерден кандидаттар өзін-өзі ұсына алады.
«Өзін-өзі басқару тиімді жүйе. Өз басым жаңа құрамнан көп нәрсе күтпеймін, бірақ адамдар осылайша тәжірибе жинайды. Бұл кезеңнен өткен дұрыс»,- деп атап өтті «Астана» халықаралық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы Таисия Мармонтова.
Саясаттанушы Дина Айкенова мажоритарлық жүйені жақтайтынын айтты.
«Сіз мектеп салуды партиядан әлде уәде берген кандидаттан сұрайсыз ба? Осы тұрғыда мен мажоритарлық жүйені қолдаймын. Сайлаудан кейінгі тенденцияға келер болсақ, экономикалық аймақтық элита пайда болады. Кей сарапшылар бұл адамдарды аймақтық лоббистер деп атайды. Бұл өте қызық, әсіресе үш үміткерден бар округтерде. Ол жерде бір адам қоғамдық пікір көшбасшысы, қоғам қайраткері немесе бұрынғы депутат әлде әкім болуы мүмкін. Басқа жағынан үшінші кандидат ірі бизнестің өкілі болуы да мүмкін. Осылайша науқан тартысты өтеді деп ойлаймын», – дейді ол.
Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл қоғамдық саясат дами түсіп, проблемалар көпшілік алдында талқыланады деп сенеді.
«Соңғы жылдары элита тек мемлекеттік қызмет, оның ішінде билік органдары арқылы қалыптасып келді. Бұл негізінен дұрыс емес. Біз қазірдің өзінде қоғамдық саясаттың қайта жанданғанын көріп отырмыз, өйткені биліктегілер халыққа ашық түрде жүгініп жатыр. Қалай болғанда да, жүйе тұрақтылығы үшін саяси элитаны қоғамның қатысуымен қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, Мәжіліс сайлауынан кейін революциялық өзгерістерді күту аңғалдық дегенмен келісемін. Десек те жаңа құрам идеялар мен реформалар ұсынып, белсенді болады. Бұған дейін реформаларды тек Президент ұсынып келді», – деп түйіндеді институт басшысы.
Саясаттанушылардың ортақ ойынша, азаматтарға қалаған кандидатына дауыс беру мүмкіндігін жасау аймақтық деңгейдегі өкілді органдарды құруда өте маңызды.
Себебі мәслихат депутаттары тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Еске салайық, биыл 19 наурызда елімізде Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді және осы күні мәслихат депутаттарын да сайлау жоспарланған.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауына қатысуға 7 партияға рұқсат берілді.