Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондай-ақ мектеп оқушыларының 87 пайызы ата-ана және мектеп мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл туралы ОҚК-де өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Болашақ қауымдастығы “Болашаққа сеніммен” атты жаңа жобасын бастады. Жоба жаңадан мектеп бітірген түлектерге өзінің кәсіби жолындағы нақты бағытын таңдауға көмектеседі.
“2022 жылы қырықтан астам мектепке барып, пилоттық жобаларды іске асыруды қолға алдық. 3 мыңнан аса оқушыға семинар өткіздік. Түлектерге қазіргі нарықтың қалай дамып жатқанын және мамандық таңдау кезіндегі ерекшеліктерді айтып, кәсіби тәжірибемен бөлістік. Мысалы, зерттеу деректері бойынша еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл – үлкен мәселе. Екіншісі, мектеп оқушыларының 87 пайызы ата-ана және мектеп мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 25 пайызы балалардың қандай мамандық таңдағысы келетінінен хабарсыз деген сөз”, – деді «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев.
Оның сөзінше, жоғары сынып оқушылары мен түлектерге семинар өткізетін менторлар – бизнес қауымдастықтың табысты өкілдері мен шығармашылық адамдар болмақ.
“Қазақстанның, шетелдің жоғары білім беру жүйесімен оқушыларды таныстыратын жаңа жобаны министрлік қолдап отыр. Барлық мектептерде осы мәселемен айналысатын мамандар бар. Жас буынның болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал ету өте маңызды. Осыған орай 1 миллионға жуық мектеп оқушыларын профессионалды тестілеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі кез келген ата-ананың көкейінде баласының қандай мамандыққа қабілеті барын, қандай мамандық таңдағаны дұрыс деген сауалға жауап алғысы келеді. Сондықтан тест өткізуді жоспарлап отырмыз”, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Биыл 500 мектепке семинар өткізу жоспарланған. Әсіресе шалғай аймақтардағы мектептерге ерекше көңіл бөлінбек.