Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова Ақмола облысында жұмыс сапарымен болды.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшелерімен кездесу барысында өзекті мәселелер, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы, жалғызбасты аналар, толық емес отбасылар, жасөспірімдер қылмысы, жастардың жиі ажырасуы мәселелеріндегі проблемалар талқыланды.
Өзінің сөзінде Салтанат Пархатқызы осы проблемаларды шешудің бірқатар жолдарын ұсынды және азаматтық қоғамды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
–Орын алып отырған проблемаларды зерттей келе, мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияларда тек өзінің мемлекеттік органының мәселелерін ғана білетін басшалар жетекшілік ететініне көзім жетті. Сондықтан олардың бұл іске қатысуы формальді түрде ме деп ойлаймын. Комиссия құрамында олқылықтарға жайбарақат қарамайтын, заңдылық деңгейінде өзгерістер жасауға дайын адамдар жұмыс істегені дұрыс сияқты, – деді өз сөзінде Салтанат Тұрсынбекова.
Ол сондай-ақ, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысына, жастар саясаты мәселелеріне тоқталды.
–Осы бөлімдердің жұмысын да қайта қараған жөн. Олардың негізінде отбасылар істері жөніндегі басқарма құру қажет. Бұл басқарма бір жерде отырып, осы бағыттағы барлық жұмыстармен айналысар еді, – деп атап көрсетті төраға орынбасары, – менің ойымша, полиция, қамқоршылық органдары мен басқа ведомстволарға аталған мәселелерді шешу қиынға соғады. Мұны бірыңғай негізде қарастырсақ, нәтижесі де болады. Отбасы мәселелерімен жекелеген бір басқарма айналысса, тұрғындарға осы саладағы белгілі бір мәселені шешуге қанша қаржы бағытталып жатқандығын білу де жеңіл.
Комиссия жұмысында отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту басым бағыттарға ие болып келеді. Кездесуге аймақта отбасыларын қолдау орталықтарын құру жөніндегі өзекті мәселе көтерілді. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның айтуынша, бұл мәселе өткен жылдан бері шешілмей келеді.
– Басында осындай төрт орталық ашылатыны айтылды, қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен, енді үш орталық қарастырылуда. Биылға қажетті қаржыны бөлгенімізбен, әлі күнге дейін лауазымдық біліктілік талаптары айқын болмай отыр, – деді өз сөзінде Шолпан Салыққызы.
Ал, «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова отбасының жайлылығы, оның мүшелерінің мәдени тәрбиесі туралы мәселелерді көтерді. Ол бұл мәселелердің бірлесіп талқыланғаны жөн екендігін, осы тұрғыда жағдайлары қолайсыз отбасыларында істі оңға бұру үшін тиісті заң нормаларының қажеттігін алға тартты. –Біздің орталықтар мен полиция органдарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде қазір сәбилерінен бас тартқан аналар жоқ. Бұл жөнінен туған-туыстарына дейін шығып, әңгімелер өткіземіз. Нәтижесінде бұл проблема ептеп шешіліп келеді, – деді үйлестіруші.
Ол балаларды қолдауға қатысты тағы бір мәселені көтерді. Жасөспірімдердің істері жөніндегі комиссия қолайсыз отбасындағы жеткіншектерді жарты жылға балаларды қолдау орталықтарына жібереді. Бала онда болғанда, ата-аналарымен жұмыс жүргізу де ұмытылмаса екен. Өйткені, бала үйіне келгенде алдыңғы жағдай тағы да қайталануы мүмкін.
Комиссия мүшелері жастардың мәдени тәрбиесі туралы мәселені де көтерді. Бұл жағынан да қазір жұмыс ақсап тұр. Мектептерге бұрынғы «Валеология», «Әдеп пен эстетиканы» қайта оралту керек сияқты. Отбасылық құндылықтарға мән беріп, жас ата-аналар курсын енгізсе де артық болмайды.
Кездесу қорытындысы бойынша аталған ұсыныстар мен басқа да қамтылған тақырыптар бақылауға алынды. Салтанат Тұрсынбекова ақмолалық отбасылар ұшырасып жүрген мәселелер мен пролемаларды облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен жеке талқылау үшін Көкшетауға тағы бір келетінін атап көрсетті.
«Арқа ажарының» ақпараты.