Өткен жылдың жылыту маусымында облыс төңірегінде 194 өрт оқиғасы болған. Материалдық шығын 35 миллион 218 мың теңгені құрады. Өрттің қауіпті факторларынан 9 адам қаза тапты, тағы бір адам көміртегі тотығымен уланса, 3 адам жарақат алған. Бұл туралы толығырақ өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әсет Жақсылықов мәлімдеді.
Автономды жылыту жүйелері бар 70 жерде өрт шаққан болса, электр желілері мен жабдықтарын дұрыс орнатпау немесе пайдаланбау салдарынан 47 оқыс оқиға тіркелген. Бұл өрттердің шығу себебін зерттеу барысында, көп жағдайда тұрғындардың пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін жиі бұзатыны белгілі болған.
-Осылайша, қарапайым ережелерді сақтамау салдарынан 36 жерде өрт шықты және күл мен қожды арнайы орынға төкпегеннен 9 рет тілсіз жаумен арпалысқа түстік. Өрттің тағы бір себебі ескі үйлерде электр сымдарының тозуы және тұрғындардың өз бетінше оны жөндеуі. Айта кету керек, өрт кезінде газ-ауа қоспасының жарылыстары да жиі орын алады, салдарынан соңғы 5 жылда облыс аумағында 7 адам қаза тауып, 30 адам жарақат алған. Бұл жағдай көбінесе тұтынушылардың қауіпсіздік ережелерін ескермеуіне байланысты орын алады. Сондықтан газ баллондарын нормадан тыс толтырмаған жөн,- деді Әсет Жақсылықов.
Өткен жылдың маусымында өрт санын азайту мақсатында Департамент алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атаулы өрт-профилактикалық жұмысқа мұқтаж халық пен әлеуметтік осал топтардың тізімдері жаңартылды, аулаларды аралап, жиналыстар өткізілді, түтін құбырларын тазалауға және көміртегі тотығы датчиктерін орнатуға көмек көрсетілді,- деп сөзін толықтырды спикер.
Облыс аумағында атаулы профилактикалық жұмысқа мұқтаж 7749 отбасы бар. Олар: көп балалы 4657 отбасы, аз қамтылған 1270 жанұя, тағы 1822 жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектер. Өткен жылыту кезеңінде 159 мыңнан астам отбасыға түсіндіру-ескерту жұмыстары жүргізіліп, 1343 датчик орнатылды және 1452 түтін шығаратын құрылғы тазартылды.
Департамент өрт қауіпсіздігі айының 3-кезеңін өткізу қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Халыққа өрттің алдын алу жұмыстарына үйрету жергілікті полиция қызметі және мүдделі қызметтерді тарта отырып, аулаларды, пәтерлерді аралау, тұрғындармен жиындар өткізу жолымен жүргізілетін болады. Сонымен қатар, оқу орындарында мектеп оқушыларымен кездесулер, дәрістер, интерактивті сабақтар өткізіледі.
-Сөзімнің соңында облысымыздың азаматтарына өрттің алдын алудың маңызды шарты өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау және орындау екенін тағы да еске салғым келеді. Ең алдымен, тұрғындарға электр сымдарын, жылыту пешін және жабдықты дұрыс күйге келтіруге кеңес беремін. Жылыту пештерін пайдалану кезінде жанында жиһаздар мен басқа да жанғыш заттарды орналастыруға қатаң тыйым салынады. Үйде жасалған электр жылыту құралдарын пайдалануға, бір желіге бірнеше электр аспаптарын қосуға болмайды, бұл электр желісінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі. Электр сымдарының, сондай-ақ, қосқыштар мен розеткалардың жарамдылығын бақылау қажет,- деп қорытындылады сөзін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әсет Жақсылықов.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін газ баллондары мен жабдықтарын тек осы өнімді сатуға сертификаты бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу, сондай-ақ газ баллондарына техникалық куәландыру жүргізу қажеттігін де ұмытпаған абзал. Егер газ жабдығында ақау болса немесе газдың иісі шықса, құрылғыны пайдалануды дереу тоқтатып, тиісті қызметке хабарлау керек.
Осы қарапайым талаптардың барлығын орындау сіздің үйіңізді төтенше жағдайлардан және өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын өрт зардаптарынан сақтауға көмектеседі.
Камила Әбделманова