Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің өңірлерінде ірі көлемде көкнәр шикізатын сату қылмысына қатысы бар есірткімен айналысатын топтың жолын кесуге бағытталған арнайы операция жүргізді.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел зерделеу жұмысының нәтижесінде Петропавл қаласында есірткі қылмысына қатысты топтың көмекшілері ұсталып, 5,5 тоннаға жуық апиын алынды.
Осы операцияның екінші кезеңі барысында Өскемен қаласында 1 тонна көкнәр шикізатын алу үстінде есірткі курьері ұсталды. Дәл осы уақытта, Қарағанды қаласында жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген есірткі қылмысына қатысты топтың ұйымдастырушылары ұсталды.
Бұған қоса тінту шаралары барысында есірткі қылмысына қатысты топ қатысушыларынан жарақаттаушы және суық қару, сонымен қатар ірі көлемде ақша табылып, алынды.
Алдын ала тергеу анықтағандай, аталған апиын тамақ өнімдері түрінде шетелден Қазақстан аумағына кіргізіліп, есірткіге тәуелді ортада саудаланған.
«Жалпы қолға түскен есірткі көлемі 16 тоннадан асты. Одан әрі жедел-тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмысы жалғасуда»,-делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Фото: gov.kz