Ақмола облысының инспекторлары еңбек заңнамасы саласындағы 139 бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 38 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амангелді Смайылов мәлімдеді.
Амангелді Смайылов айтып өткендей, 23 кәсіпорында 539 қызметкерге 56 миллион теңгеден астам жалақы берешек екені анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған қарыз толығымен төленді. Тағы бір маңызды мәселе еңбекті қорғау және жұмыс орнындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі. Жыл басынан бері өңірде 87 жазатайым оқиға орын алған, оның 54-і ауыр, ал, 30-ы өліммен аяқталды. Жалпы өндіріске байланысты 47 жазатайым оқиға болған, ауыр жағдай салдарынан 12 адам қайтыс болды.
«Мемлекеттік еңбек инспекторлары жазатайым оқиғаларға тергеу жүргізуді аяқтады және аумақтық тиістілігі бойынша қайта бағытталды. Қазіргі уақытта 6 жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеулер жүргізілді, өндірістегі оқыс оқиғалар туралы актілер жасалып, олардың нәтижелері бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің кінәсінің үлесі айқындалды. Олар бойынша барлық материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін ішкі істер органдарына берілді», – деп атап өтті Амангелді Смайылов.
Ол жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін атады. Бұл еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу, жұмыс өндірісін сапасыз ұйымдастыру, жәбірленушінің өрескел абайсыздығы, жеке қорғаныс құралдарын қолданбау. Еңбек жағдайларын жақсарту және еңбекті қорғау, сондай-ақ өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмыс берушілерімен және лауазымды тұлғаларымен 36 семинар сабақ өткізді. 35 кәсіпорында еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілер аттестатталды. Облыстың 222 кәсіпорны мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттары енгізілді.
Камила Әбделманова