Бүгін, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Дауыс беру құқығы бар 12 миллионға жуық азамат еліміздің алдағы болашағы үшін дауыс береді.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.
Ал 21 қыркүйекте президент сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгілеу туралы Мемлекет басшысының Жарлығы жария етілді.
23 қыркүйекте президенттікке үміткерлерді тіркеу басталды. Сол күннен 21 қазан аралығына дейін республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар 12 тұлғаны Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде ұсынды. Оның алтауы президенттіктен үміткер ретінде тіркеліп, президенттікке кандидаттар 21 қазан күні сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат алды.
Ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілді. 4 қарашадан бастап ел тұрғындарына өздерін тізімнен тексеруге мүмкіндік берілді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды.
ФОТО: КАЗАКПАРАТ