Ақмола облысы Қоғамдық кеңесі төралқасының отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның алдын алу басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Әкімбеков төралқа мүшелерін Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының өзекті мәселелері туралы хабардар етті, деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі.
Атап айтқанда, спикер кеңеске қатысушылардың назарын сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтуге, сондай-ақ еліміздің әрбір өңірі үшін әзірленген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бойынша жұмыстың жаңа тәсілдеріне аударды. Қазіргі уақытта облыстық Антикор осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Кейбір нәтижелер бар, алайда өзекті мәселелерді неғұрлым тиімді және жедел шешу үшін азаматтық қоғамның белсенді қатысуы қажет.
Сондай-ақ отырыста Қоғамдық кеңес жанындағы заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Сәуле Құсайынова сөз сөйлеп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын табысты іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдерінің күшейтілген өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, кеңесте қоғамдық бақылау институтын қоғам қайраткерлерінің бюджеттік үдерістерге қатысуы, мемлекеттік сатып алу мониторингі, мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау, сондай-ақ өңірдің неғұрлым проблемалық мәселелерін айқындау арқылы дамыту қажеттігі атап өтілді.
Отырысқа қатысушылар өз пікірлерімен және ұсыныстарымен алмасты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша одан әрі сындарлы ынтымақтастықты талқылады.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы Ермек Нұғманов Кеңес жанындағы тұрақты комиссиялардың төрағаларына алдағы кезеңге арналған комиссиялардың жұмыс жоспарына Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының проблемалық салаларын енгізуді тапсырды.