Келер жылы мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы, актриса Бикен Римованың 100 жылдығы тек ел ішінде ғана емес, ТҮРКСОЙ ұйымы деңгейінде аталып өтеді. Бұл туралы «AqmolaNews» Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және спорт министрлігі Бурса қаласында өтіп жатқан ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің ХХХІХ отырысы барысында халықаралық ұйымға мүше мемлекеттермен осындай келісімге келді. Бұл ұсынысты министр Дәурен Абаевқа халықпен кездесулер барысында ел азаматтары жеткізген болатын. Өтініштер қарастырылып, Мәдениет комитетіне тиісті тапсырмалар берілген еді.
«Министрлік алдағы уақытта бірнеше іс-шараны ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп өткізуге ниетті. Солардың қатарында материалдық емес мәдени мұраларды насихаттау бойынша «KYMYZFEST» фестивалін ерекше атап өту қажет. Біз қазақ киноларына да халықаралық деңгейде қолдау көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ, түркі халықтарының ортақ тарихын ескере отырып, символизм мен геральдикалық элементтерді зерттеу бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Қазақстан тарапынан айтылған ұсыныстардың бәрі бауырлас халықтардың бай тарихын тереңірек түсінуге, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға негіз болады», – деді аталған жиынға қатысқан ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова.
Кеңес отырысы барысында түркі әлемінің мәдени байланыстарын арттыруға бағытталған екіжақты кездесулер де ұйымдастырылды. Бұл ретте Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерімен ортақ жобаларды талқылап жатыр.
Айта кетейік, Бурса қаласы бұған дейін түркі әлемінің 2022 жылғы мәдени астанасы ретінде танылған болатын. Жиын қорытындысы бойынша түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы болып Әзербайжанның Шуша шаһары жарияланды.
Сондай-ақ, Түркияда тағы бір ауқымды іс-шара – «Қорқыт Ата» кинофестивалі өтіп жатыр. Оның аясында Қазақстанның кино күндері ұйымдастырылып, түрік азаматтары «Ұлы дала таңы», «Мұзбалақ», «Дос-Мұқасан», «Мұқағали» фильмдерін тамашалауға мүмкіндік алды.