spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Сәрсенбай Хасеновтың «Көкшетау – Сарыарқаның раушан гүлі» атты ән кеші өтті

Сондай-ақ...оқыңыз

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында көкшенің тал бесігінде тербеле, шығармашылығын шыңдаған дарынды тұлға, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың «Көкшетау – Сарыарқаның раушан гүлі» атты ән кеші өтті.

Қара домбырасын жанына серік етіп, дәстүрлі өнерді халқына сыйлап жүрген дарындардың бірі – Сәрсенбай Хасенов өзінің қоңыр даусымен, қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үнімен сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан халық әндерін орындауымен танымал.

Көкше ақын-композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Айтыс керуені», «Жігіттің падишасы», «Сұраған саған аманат» атты кітаптары жарық көрді.

Кеш аясында Сәрсенбай Оразұлы қазақ халық әндерінен бөлек жергілікті ақын-композиторлардың шығарған әндерін көрерменге тарту етті. Алғаш рет сахна төрінде Үкілі Ыбырайдың шәкірті, атақты әнші Беркімбай Нұрымұлының төрт жыл бойы зерттелген «Арман» әні шырқалды. Сонымен қатар, Жаяу Мұсаның «Ақшашақ», Біржан Салдың «Теміртас», Ақан Серінің «Ақтоқты», Төлеген Қажыбаевтың «Дала мұңы», әнші-сазгер Иран сал Тасқараұлының «Кербез Көкше», Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің 80 жылдығына арналған республикалық жыр-мүшайрасына арнайы жазылған Ерболат Баятұлының «Ақселеу ағам текті бір қазақ» әні және Серік Жетпісқалиевтің «Жаңаарқам менің» әні, Қорғанбек Аманжоловтың «Зеренді Қарағайлары» әндері көрермен жүрегіне жол тапты. Көкшелік жас ақындар Мерген Тоқсанбайдың «Түнгі Көкшетау», Қуаныш Оспановтың «Мизам шуақ» атты әндерінің тұсаукесері өтіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Өңірге әлеуетті әншілігімен танылып келе жатқан Сәрсенбайдың бір қасиеті «Ел іші – өнер кешіні» демекші, ел аралап, ескі көздерді тыңдап, есті сөздерді жинап, мұрағат атқаруға деген құмарлығы. Осы үлкен ізденістің жемісі, атақты Ақан сері ән арнаған Ақтоқты анамыздың ұрпағының Сәрсенбайға сыйлаған қасиетті қара домбырасы бар екен.

Кеш барысында Ақтоқты домбырасының күмбірлеген дауысы Сәрсенбай Хасеновтың орындауында көрермен қауымымен ерекше қабылданды. Төлеген Қажыбаевтың ағасы сыйға тарқан қара домбырасымен орындалған «Дала мұңы» әні де кештің сәнін келтірді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Сәрсенбай Оразұлының ұстазы Айгүл Қосанова ән кешін өзінің әсем сазды дауысымен сусындатып, ерекше көркін берді.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі де мың бұралған билерімен ән кешінің сәнін келтірді.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Сәрсенбай Оразұлына мәдениет пен өнерге қызмет ету жолында зор денсаулық, шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеп, ізгі ниетін білдіріп, ұлттық мәдениетімізді, төл өнерімізді жаңғыртып, дәстүрлі ән өнерін дамытуына қосқан үлесі және Тәуелсіз Отанымыздың өсіп-өркендету жолында атқарған қажырлы еңбегі үшін Сәрсенбай Оразұлын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың алғыс хатымен, кеш қонағы Қазақстан Республикасының Еңбек Сіңірген қайраткері, Айгүл Шоданқызын халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, жан-жақты насихаттап, келер ұрпақтың сана-сезіміне жеткізіп келе жатқан ерен еңбегі үшін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың алғыс хатымен марапаттады.

Кештің құрметті қонақтары Ақан сері мен Төлеген Қажыбайдың ұрпақтары, Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, публицист Жабал Ерғалиұлы, әнші-сазгер Иран сал Тасқараұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, ақын Серік Жетпісқалиев өнер иесіне киелі қара домбыраны қолына алып дәстүрлі әншілік өнердің қыр-сырын терең ұғынып, ұлттық болсымызды дәріптеп жүрген сал-серілік өнерді жалғастырушы Сәрсенбай Хасеновке ағалық өсиеттерін арнаса, жас ақын Қуаныш Оспанов өзінің жылы лебізді тілегін білдірді.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img