spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Ақмоланың ардақты азаматы Жабал Ерғалиевқа ел-жұрты ерекше құрмет көрсетті

Сондай-ақ...оқыңыз

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған, сырлы да нәрлі сөз салтанат құрған Көкшетауда еліміздің біртуар перзенті, жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің 70 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті.

Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізілген мерейтойға жиналған қауым бір-біріне өздерінің жан сарайын жақсы сөзімен нұрландырған жазушының тойы құтты болсын айтысып жатты. Кең залда ине шаншар орын болмай қалды. Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алқаусыз ақ тілектермен көмкерілген құттықтау хатын оқып берді. Онда ел Президенті көкшелік қаламгердің шырайлы шығармашылығына жоғары баға беретіндігі, ел өміріне қатысты әрдайым аталы сөз айтатын, орынды пікір білдіретін жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің қайраткер ретіндегі қарымы сипаттала келіп, табыс тіленеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған «Алтын барыс» төсбелгісін де мерейтой иесіне табыс етті. Мәлік Нұржанұлының шешен тілмен өрген жүрекжарды лебізі тілекші жұртты тәнті етті. Мұнан соң облыс әкімі Ермек Маржықпаев жазушы-драматург Жабал Ерғалиевқа жылы лебізін арнады.

–Көкше өңірінің тумасы, қарымды қаламгер, дарынды жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, есімі қазақ еліне танымал Жабал Ерғалиұлы мерейлі жетпіс жасқа толып отыр, – деді облыс әкімі. – Мемлекет және қоғам қайраткерін таяуда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің еліміз үшін атқарып келе жатқан еңбегіңіздің жоғары бағаланғандығы деп санаймыз.

Облыста жазушының мерейтойы кеңінен аталып жатыр. Өңірдің кітапханалары мен музейлерінде, оқу орындарында оқырманға ой салатын мәнді де мазмұнды шаралар өткізілуде. Облыс орталығындағы Достық үйінде  «Елім деп соққан жүрек» атты кеш, «Болашақ» сарайында аймақтық жас ақындар айтысы өткізілді. Жазушының туған ауылы Қарағашта жерлестерімен жылыжүзді қауышу ұйымдастырылды. Киелі Көкшетауда республикалық театр фестивалінің өтуі де драматург Жабал Ерғалиевтің осы жанрда қарымды қалам тартып келе жатқандығын айғақтайды.

Өзінің көңіліндегі көрікті ойын  көркем тілмен кестелейтін, жалпақ жұрт Жабал шешен атап кеткен тұлғаның тойында республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов тереңнен толғап, жазушының адамгершілік ажарын, кісілік келбетін, табиғат сыйлаған тамаша талантының қырын ашып, орынды пікір білдірді. Өмірлік тәжірибесі мол, өзі де ақын Бақтықожа Салахатдинұлы өз сөзінде жазушының көкірегіндегі сыры мен мұңын, тілегі мен ниетін жақсы білетіндігін, сол бір ізгі қасиеттердің елді жақсылыққа жұмылдыруға, ізгілікке бастауға, бірлік пен берекеге шақыруға жұмсалып келе жатқандығына тоқталды.

Елдің ілкімді істерінің ұйытқысы ретінде әрбір кездесу сайын ортаға ормандай ой тастап және ол пікірін қолмен қойғандай етіп оралымды жеткізіп, топ бастаған көсем де шешен Жабал Ерғалиұлының еңбегі ерен екендігін тайға таңба басқандай етіп талдап тұрып айтып берді. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елді имандылыққа шақыруда, адалдық пен арлылыққа баулуда жазушының атқарып жүрген ізгі амалдары туралы жүрекжарды пікірін білдірді. Береке әрдайым бірлікпен келмек. Жан жарастығы жылы сөздермен сабақталмақ. Әр адамның көкірегінде иманы болса мынау әлем, барша он сегіз мың ғалам сәулеленіп, нұрланып кетпек. Ол үшін адам жанын, қоғам тынысын тани білетін зерек көңіл қажет. Сол зеректік жазушының бойынан табылып, өзгеге шапағат нұрын шашып жүргендігін әдемі жеткізді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы ақындарға тән қуатпен, тапқырлықпен сөз сөйледі. Тыңдарман қауымды қапысыз баурап алған көркем сөзі өлеңдей өріліп, таудан аққан тасбұлақтай құйылды. Ақын алмас қылыш іспетті ақиқатын айтады, шындыққа жүгінеді. Несіпбек ақын да қаламдас замандасы Жабал Ерғалиұлының шығармашылығына жоғары бағасын берді әрі өлең арнады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінен келген депутаттар Дәурен Әділбеков, Нұрлан Бекенов, Асқарбек Үйсімбаев және Сенаторлар кеңесінің мүшелері Светлана Жалмағамбетова, Сәрсенбай Еңсегенов, Рашит Әкімов Жабал Ерғалиұлының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерге жіті назар аударып, күрделі мәселелерді оңынан шешуге ықпал етіп, көп еңбек сіңірген  ұлан-ғайыр ісін айтып өтті. Сол еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет»  және «Парасат» ордендерімен марапатталғанын және бұл құрметке қаламгердің әбден лайықты екендігіне тоқталды.

Көкше топырағындағы сөз өнері саңлағының салтанатына орай, Алтайдан Атырауға дейінгі Алаш даласынан ақ көңілден шыққан ақжарма тілектер жетіп жатыр. Айталық мерейтой иесін Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстанның Беларусьтағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Бейсенбаев, Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің кеңесші уәкілі Талғат Жұмағұлов, Америкадағы тұңғыш KAZUNITE қазақ онлайн газетінің ұжымы және Назира Байырбек, тағы басқалары құттықтады.

Сөз Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке берілді. Шешен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жерлес жазушыға деген ізгі тілегін жеткізіп, сый-сияпатын тарту етті. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, көкшетаулық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабек қаламдас ағасының зор табысына шаттанып, толымды, тартымды лебіздерін арнаса, ел атынан сөз алған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ежелден сөз өнерін қадір тұтқан Көкше өңірінің біртуар перзентін қалай қадірлейтінін ағалық көңілмен ақтарып айтып берді.

Мерейтойды түйіндеген жазушының өзі шығармашылық өміріне шағын шолу жасай келіп, өзін қадірлеген қара ормандай жұртына ризашылығын білдіріп, бүгінгі той барлық қаламдастарының тойы екендігін орынды айтып өтті.

                                                   ***

Мерейтой шеңберінде республикалық театрлардың фестивалі өткізілгенін айту парыз. Бұл бір көкшелік көрермен үшін рухани олжа болды. Жазушының қаламынан туған қоғамның қаны шығып тұрған күрделі тақырыптарын қаузайтын драмалық шығармалардың мәні мен мағынасынан қалың қауым қисапсыз рухани нәр алып, қаламгердің жан-дүниесімен бірге тебіреніп, бірге толқып, саналарын сансыз сұрақпен сансыратқаны даусыз. Осы дүниелерді біз де күнделікті көріп жүр едік қой, қалай көңіл бөлмедік, қалай аңғармадық деген тәрізді әлденеше сауал әр тұстан аңдыздап келіп, түйсігі бар көңілге тұңғиық ой салып, көкірегін теңіздің алапат ақбас толқындары тәрізді буырқантып, бусантып, ой тереңіне сүңгіткені анық. Алдымен Мұхтар Әуезов атындағы  Қазақ ұлттық драма театры «Қас-қағым» метофизикалық трагедиясымен фестиваль шымылдығын ашты.

Қоюшы режиссері  Елік Нұрсұлтан. Әкем театрдың шоқтығы биік шұрайлы өнеріне қапысыз тәнті болғандығымызды, шығармашылық ұжымның шын мәніндегі зор табысын көкшелік қауымның аузының суы құрып айтып жүргендігін еске сала кетелік. Олар тыңнан түрен салса, келесі күні ел сөзін айта білетін драматург Жабал Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» драмасын Сәкен Сейфуллин атындағы  Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры ойнады. Қоюшы режиссері Айдын Салбан. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық-драма театры қаламгердің «Құлпытастың көз жасы» драмасын сахналады. Қоюшы режиссері Әлия Исаева. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Қораптағы қоқыс» драмасымен фестиваль шымылдығын жапты. Қойылымның режиссері Жарас  Қалдаров.

Бұл жолы да көңілді мұң торлады. Тағдырдың тар соқпағы кейбір адамды қай қиырға шығармаған. Қызылды-жасылды қызыққа толы осы бір жалпақ әлемде ойнап жүріп от басып, опық жегендер аз ба? Камила да сондай жан. Шығарма желісі Камиланың тар кезең, тайғақ жолына толы өрбиді. Өне бойы өзекті өртер өкініш шарпып отырады. Себебі, албырттықпен алданып қалған. Бауыр еті баласын амалсыздан балалар үйіне тапсырған. Ойсыз опық жегізген осы бір әрекеті жанын жейді.  Есі кетеді, есеңгірейді. Бірақ, уақытты кері жылжытар құдірет жоқ. Күндердің бір күнінде шақалағын іздеп, қайтарып алмаққа бекініп барса балалар үйінен шет елдіктер алып кеткен екен. Қайғының қара бұлты бұрынғыдан да қалыңдай түскен.

Есепсіз, арам жолмен жиналған ен байлығына масаттанған Дәленмен арадағы көңілі суып, жарық дүниеден баз кешпекші де болады. Бірақ, қанша ащы, зілмауырдай болғанымен өмірді қиып кету оңай ма? Ендігісі өзі тәрізді өмірде жолы болмаған кезбелермен бірге күн кешу. Әрқайсының бойында кәтепті қара нарға жүк болатын тағдырдың тауқыметі бар. Ашылып айта бермегенімен, әр жағында қатыгез қоғамның аяуды білмес, арқаңды аяздай қаритын ызғары есіп тұрғандай. Қоқыс аралап күн көріп жүрген Камила жаратқан иенің құдіретімен жаңа тасталған, өмірге енді келген шақалақты тауып алады. Мұндай оқиға бүгінгі күні аз емес қой. Бәлкім сонысымен нанымды шығар. Тіпті, етіміз де үйреніп бара жатыр емес пе? Ал, астарына қарасаң арлы адамның иманы қасым болатындай жағдай.

Қайғы меңдеген Камила қоқыста сәбидің кез болуы жаратқан сыйы деп ұқты. Күні-түні бір құрғамаған көз жасы иген шығар. Жетім көңілді Жаратқанның өзі жұбатқысы келді ме екен. Қоқыс жәшігінде тұншыға ыңырсыған, қап-қараңғы дүниені жарып шыққан жасын сәуле іспетті сәбидің үні қандай тәтті еді. Былай қарасаң бір-біріне кереғар дүние. Маңайдағы дүниенің бәрі аткөпір қоқыс. Жан баласына қажеті жоқ қалдық. Мүңкіген жаман иіс. Сол ортада күнәдан пәк, жаны періштедей таза жас сәби. Камиланың қуанышында шек жоқ. Енді қайтсін жоғалғаны табылып, өшкені жанғандай. Қоқыс жағалаған көп міскінге еті үйреніп бара жатқан, ендігі өмірін дәл осы ортада өткізуге бекінген Камиланың қара түнек қаптаған аспанында да жарқырай жайнап күн туды. Ол күн – жаңағы жас сәби еді!

Шытырманға толы қойылымда қоғамда аракідік кездесіп қалатын ащы шындық мелтектеп тұр. Нанымды берілгені сондай, тасбауыр қоғамның бет-бейнесін сол қалпында көз алдыңа әкелгендей. Жас өспей ме, жарлы байымай ма?! Кішкентай сәби де бой жетті, осы екі ортада мұхит асып кеткен мұңлық та табылды. Ендігісі қос баланың құшағында күндей күлімдеп тұрған әдемі өмір. Ал, оған жеткенше қаншама бейнет, бір емес, бірнеше адамға жүк болатын, түгелге жақын тұмшалаған қою қара тұман. Адам үміт үзбеуі керек екен. Сәл ғана себезгілеген үміттің оты алға жетелесе, күндердің бір күнінде көсегесі көгермек. Жаратқан ие де өзі өмір берген пендесін күндердің бір күнінде жақсылығымен жарылқайды екен ғой.

«Көкшетау» мәдениет сарайындағы салтанатта театр фестивалі де қорытындыланды. Ақ қар, көк мұзда қияндағы Көкшетауға келіп, Алаш жұртының рухани әлемінің айтулы күніне ат салысқан сахна өнерінің саңлақтарына сый-сияпат көрсетілді.

Жабал Ерғалиевтай халқының асыл перзенті арқылы қасиетті Көкшенің көгілдір аспанын да бұл күні өзгеше реңге боялып, шаттанып тұрғандай.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img