Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Целиноград ауданының Қараөткел ауылының тұрғыны Талғат Жексембековты «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады. Ол Целиноград ауданы Қоянды ауылындағы өрт кезінде 2 қызды құтқарып қалған болатын, деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі..
2022 жылдың 24 қыркүйегінде сағат 14.00 шамасында Целиноград ауданының Қоянды ауылында тұратын 1978 жылы туған азаматша кәмелетке толмаған балаларын ұйықтатып, жақын жерде жұмыс істейтін жұбайына түскі асын апарып беруге шығып кеткен. Осы арада төсек пен киімдердің жануы орын алған. Көрші үйдің терезесінен түтінді көрген көршісі аулаға жүгіріп шығып, жақын маңдағы экскаваторда жұмыс істеп жатқан Жексембеков Талғатты шақырады. Ер адам бірден көмекке жүгірген.
Талғат үйге кіру үшін құлыпты сындырған. Ол 2020 жылы туған қызды қолына алып шығарған, ал 2019 жылы туған екінші қыз жанып жатқан үйден Талғаттың соңынан көшеге жүгіріп шыққан. Одан кейін балалар Астана қаласының №2 қалалық ауруханасына түрлі дәрежедегі термиялық күйікпен жатқызылды.
Оқиға орнына мемлекеттік өртке қарсы қызмет шақырылған жоқ.
«Мен Қоянды ауылында экскаваторда жұмыс істедім. Түскі астан кейін демалып отырғанда жұмыс істеп жатқан жақын жерде үй өртеніп жатқанын көрдім. Одан қатты түтін шығып жатты. Ол жерге дереу барғаныммен ішке кіре алмадым. Менімен бірге тағы бір жігіт шығып, екеуміз ілулі тұрған құлыпты сындырдық. Мен кереуеттің астынан екі қызды таптым, біреуін өзім шығардым, ал екіншісі үлкені артымнан жүгіріп шықты. Сыртқа шыққанда аяқтарым әлсіреп әзер тұрдым», – деді Талғат Жексембеков.
Құрметті ата-аналар, бұл балалар аман-есен құтқарылған қуанышты оқиға, бірақ қайғылы нәтижемен аяқталған көптеген фактілер де бар.
Целиноград ауданының ТЖБ азаматтарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады!