Республика күні қарсаңында «AqmolaNews» ақпарат агенттігінің тілшісі Көкшетау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевпен сұхбаттасты. Спикер елімізде болып жатқан өзекті мәселелерге қатысты тұшымды ойын жеткізіп, келе жатқан ұлттық мерекемен халықты құттықтады.
Шияп Әлиев облыс орталығын Көкшетау қаласына көшіруде, сондай-ақ, ағартушы және халықтың азаматтық құқықтары мен бостандығын қорғаған Науан Хазірет есімін мәңгі қалдыруда үлкен рөл атқарған қоғам қайраткері ретінде елге танымал.
Ол, Отандық «Құрмет» ордені,» Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» наградалық белгісі мен » Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл»,» Қазақстан мәслихатының 20 жыл»,» Алаш» медальдарына сіңірген еңбегі үшін бүгінде Зеренді ауданының Құрметті азаматы.
Елімізде Республика күні ұлттық мереке ретінде қандай мәнге ие? Сіздің ойыңызша бұл шешім қаншалықты дұрыс?
Еліміз Егемендік алған шақта төбеміз көкке жетіп, қатты қуанған едік. Қазақстанның жерінің астында да, үстінде де байлығы бар, халқы еңбекқор. Егемендігімізді алып,аяққа тұрып кетуге осы дүниелер септігін тигізді. Декларация қабылданып, егемен ел болғанымызда өте қатты қуандық. Кейіннен басқа мекерелерге ерекше көңіл бөлініп осы, бұл мерекенің тойланбай қалғанына қатты қынжылдық. Енді қайта ұлттық мереке ретінде оралып жатқаны үлкен қуаныш. Еліміздің ең басты мейрамы осы. Меніңше бұдан маңызды мейрам жоқ.
Мерекенің қайта жандануы елде жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін нәтижесі деп айта аламыз ба?
Жалпылай алғанда еліміздің экономикалық, саяси әл-ауқаты жаман емес. Егемен мемлекет болдық, тұрақты жеріміз бар, шекарамыз бар, рәміздеріміз бар. Құдайға шүкір! Жоқтан жасалған дүние болғандықтан қателіктерсіз болмайды. Алдағы уақытта да тынбай ел үшін, жер үшін еңбек етуді жалғастыра беруіміз керек.
Республика күні сіз үшін мереке ретінде қаншалықты маңызды?
Мен елімнің патриотымын. Сол себепті де мен үшін бұл оқиға өте маңызды. Өзім үшін де, отбасым үшін де, тіпті немере шөберелерім үшін де бұл мерекеден артық мейрам жоқ. Десе де, әлі де насихат жұмыстары дұрыс жасалмай келе жатыр. Халықтың, әсіресе жастардың санасына бұл тарихи күннің маңызы сіңбей келе жатыр. Бұл күн туымыз биік көтеріліп, думанды тойлануы керек. Енді жаңадан қайта еңіп жатыр ғой. Халыққа әлі де болса түсініп, мағынасын тереңірек түсіне білу қажет.
Еліміздің дамуы үшін тағы қандай реформалар қажет?
Алдымен демократияға аса мән берілуі керек. Билік халыққа ашық болуы керек. Халық барлығын түсініп, біліп отыруы қажет. Небәрі 19 миллион халқымыз бар. Сол аз ғана халқымызды жұмыспен қамтамасыз етіп, дұрыс жалақы мен зейнетақысын қамтамасыз ету керек. Елімізде байлық бар. Сол байлықты орынды жұмсап, қолға алып, барлығын жөнге келтіріп, халықтың жағдайын жасаса нұр үстіне нұр емес пе? Жеке кәсіпкерлердің ісіне қолдау көрсету қажет. Сонда халыққа жұмыс та табылады. Ауылшаруашылы өнімдерін молайтуға ден қою қажет. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынның бағасын арзандату қажет.
Сіздің ойыңызша, Қазақстанның халқы жарқын болашаққа сенеді ме?
Қазақстан халқы жарқын болашаққа сенеді. Қазақ халқы тарихында не көрмеді, талай қиындықты көрді. Бірақ сол қиындықтан да суырылып шыққан азаматтар болды. Сол жандар қазақ халқын сақтап қалды. Өйткені, Ақтабан шұбырындыда қазақ халқы аман қала ма, қалмай ма? Жер бетінде бола ма, болмай ма? Сондай кезде Абылайхан шығып, көшпенді халық, үш жүз қазақтың басын біріктіріп, жоңғарларды жеңіп, қазақ халқын сақтап қалды. Мінекей. Кешегі өткен заманда, совет үкіметі ыдырағанда Назарбаевтың арқасында, еш айғай-шусыз, қырғынсыз, соғыссыз өз мемлекетімізді жасап алдық.
10 жылдан кейін сіз біздің елімізді қалай елестетесіз?
Он жылдан кейін елімізді дамыған ел ретінде елестетемін. Экономика жағынан дамыған. Осы тұсты дамыта алсақ, басқа жақтан да даму болады. Қазір білімді жастар бар, соларға жағдай жасау керек, тиісті қызметтерге тағайындау керек. Өкінішке орай, олар шетелге кетіп, сол жақтың экономикасын көтеріп жатыр. Жастарға мүмкіндік беру керек. Ол үшін таныс, туыс, құда, анау-мынау дегенді қою керек. Сондай жауапты қызметке талантты кісілерді алу керек. Бізді дамытпай жүрген осы фактор.
Мереке қарсаңында қазақстандықтарға сіздің тілектеріңіз?
Мереке қарсаныңда Қазақстанға бейбітшілік тілеймін, елімізде тиныштық болсын. Президент сайлауы болайын деп жатыр. Болашаққа сенейік, патриот болайық. Ақырын-ақырын көтеріліп келе жатырмыз ғой. Қазақстанға сенемін, еліміз гүлденген мемлекет болады. Отбасымыз аман болсын, мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан Камила Әбделманова