2022 жылы Ақмола облысында 750-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс полигондары жойылды. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастырудың 830 заңсыз орны анықталды. Сондай-ақ, бірқатар жауапты тұлғалар стихиялық полигондарды жою шараларын қолданбағаны үшін жазаланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Экологтардың айтуынша, стихиялық полигондар Ақмола облысындағы ең өзекті мәселеге айналды. Жыл сайын облыс бойынша өткізілетін үш айлық санитарлық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Соған қарамастан, есепке алынбаған стихиялық заңсыз қоқыс үйінділері жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігі және полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымның болмауы салдарынан елді мекендердің жанында тұрақты және барлық жерде қайта пайда болады.
«Биылғы жылы ғарыштан түсірілген суреттерден облыста 830 рұқсатсыз қалдықтарды орналастыру орны анықталды. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес бүгінгі күні әкімдіктер рұқсат етілмеген полигондардың 757-сін немесе 91% -ын жойды. Десе де, 2021 жылмен салыстырғанда рұқсат етілмеген полигондар айтарлықтай азайды. Бірақ қазіргі уақытта заңсыз полигондарды толығымен жою мүмкін емес. Басты себептердің бірі облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылған полигондарының аздығы. Мәселен, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру үшін 130 жер учаскесі бөлінген. Алайда олардың тек 24-і ғана экологиялық талаптарға сай келеді. Облыстың 10 ауданында және Көкшетау қаласында заңдастырылған полигондар мүлдем жоқ. Бұл жағдай өз кезегінде заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына әкеліп соғады», – деді облыстық экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев.
Жыл басынан бері экологтар Облыстың елордалық аумағына, атап айтқанда Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарына 15 рет, Көкшетау маңы бойынша 20 рет, сондай-ақ, Зеренді және Бурабай аудандарына барған. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің ең көп саны Целиноград, Аршалы, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында анықталды. Сондай-ақ, биыл стихиялық қоқыстарды жою бойынша шаралар қолданбағаны үшін Аршалы ауданы мен Біржан Сал ауданының лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және талаптарды сақтамағаны үшін жеке және заңды тұлғалар да жазаланды.
Камила Әбделманова
Фото: 24.kz