Республика Күніне орай Қоянды ауылының тұрғындары үшін жаңадан отбасылық-денсаулық орталығы ашылды. Халық игілігіне берілген орталық бірінші кезекте дәрігерлік көмек көрсетуге арналған. Екі қабатты жаңа ғимаратта енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультациялық-диагностикалық, стационарлық көмекпен қоса, медициналық оңалту қызметі көрсетілмек, деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі.
Күніне 200 -ден астам науқасты қабылдауға қауқарлы денсаулық орталығында 36 медицина қызметкері еңбек етпек. Орталық арнайы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұған дейін Қоянды ауылының халқы дәрігерлік көмек алу үшін аудан орталығына қатынауына тура келетін. Енді, ауыл тұрғындары бұл әбігерліктен құтылды. Бүгінгі күні орталыққа 8 мың адам тіркеліп, медициналық көмектің барлық түрін алуға жағдай жасалды.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова арнайы барып, құттықтады.
Жалпы, Ақмола облысында 562 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 медицина мекемесі бар. Оның ішінде 377 медициналық пункт, 47 ФАП, 100 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана, 1 МСАК орталығы және басқа да ұйымдар бар.
Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда 7860 медицина қызметкері, оның ішінде 1650 дәрігер және 6132 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.
Екі жылдың ішінде облыстың медицина саласына құйған бюжет шығындарының көлемі шамамен 163 млрд теңгені құрады. Тек осы жыл ішінде емдеу мекемелерінің жабдықталуы 80%-ға (79,4%) жетті.
Сондай ақ, биыл Қосшы қаласында 100 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталуда және Целиноград ауданы, Қоянды ауылындағы 50 келушіге арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, Атбасар ауданында 2 медициналық мекеменің құрылысы басталды.
Ақмола облысы үшін ауқымды жоба – Көкшетау қаласында 630 орындық заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы басталмақ.
Ерекше айта кететін жайт, Қояндыда ашылған отбасылық денсаулық орталығын «Эндохирургиялық клиникалар» ЖШС өз қаражатына салып берді.