Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аясында Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл департаментінің басшылығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалдары – Ақмола магистральдық желі бөлімшесі және Ақмола жүк тасымалдау бөлімшесінің өкілдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында Департаменттің превенция басқармасының басшысы Жанат Тұралинов қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамадағы маңызды жаңашылдықтар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың өзекті үрдістері туралы хабардар етті.
Енгізілген түзетулерге сәйкес квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдардың басшылығы сияқты, олардың бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаған жағдайда дербес жауапты болады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салынды. Квазимемлекеттік сектор компанияларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту және парасаттылықты арттыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты заңнамалық түрде енгізілді.
Сонымен қатар теміржол көлігі саласының қызметкерлеріне ӘҚБтК-нің он бес бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы еске салынды. Мәселен, Кодекстің 681-бабы мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшыларының бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
Спикер атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты дамыту мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдауға неғұрлым мүдделі және белсенді болуға мүмкіндік береді. Жүргізілетін жұмыстың тиімділігі әрбір басшының нақты үлесін рейтингтік бағалау жолымен айқындалатын болады.
Өз кезегінде, ҚТЖ өңірлік филиалдарының басшылығы өз қатарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шеңберінде ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде, оның барысында теміржол саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайлары зерделенеді.