spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Тоғызқұмалақтың мәні ойыннан да тереңірек: NIS-те зият пен дәстүр жеңуде

Сондай-ақ...оқыңыз

Бесінші рет тоғызқұмалақтан NIS желілік спартакиадасының абсолютті чемпионы ретінде Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің құрама командасы танылды.

Зият пен дәстүрді тоғыстырған тоғызқұмалақ ойынының NIS желісінде сұранысқа ие болғаны заңдылық.

Жыл сайын Зияткерлік мектептердегі жүздеген оқушы асыға күтетін ерекше оқиғалардың бірі – тоғызқұмалақтан дәстүрге айналған желілікчемпионат. Жас споршылар үшін тоғызқұмалақтың мәні ойыннан да тереңірек.

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Нұрай Махамбетәлі биыл қатарынан төртінші жыл спартакиада қатысушыларының тізімінде. Тоғызқұмалақты математиканың өмірдегі тағы бір көрінісі ретінде түсінетін қайсар қыз жеңілуден қорықпайтынын айтты:

– Болашақта ұлттық зияткерлік ойынды шетелдік достарымның арасында танытқым келеді.

Ең жас қатысушы атанған Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Айнель Қайрат осыған дейін желілік чемпионаттың қос күмісін иеленген, биыл ол жеңімпаз атануды көздеп отыр.

Өскемендік Төрежан Қалибекұлы үшін тоғызқұмалақотбасылық дәстүрге ұласқан және ол бұл ойынды мақтанышпен жалғап келетінін жеткізді.

Ал Қарағандыдағы NIS оқушысы Әділет Санатхан тоғызқұмалақты ойнап қана қоймай, оның тарихын зерттеуді қолға алған:

– «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында бұл ойынның тарихы мен өз өңірімде қаншалықты кең таралғанын зерттедім. Бұл маған ұлттық қазынамызға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

Ақберен Бақытберген бұл желілік спартакиадаға алғаш рет қатысуда. Биыл «Өркен» грантының иегері атанып, Қызылордадағы Зияткерлік мектепке түсті. Ол тоғызқұмалақпен алты жылдан астам уақыт айналысып келеді және бұл ойын NIS-ке түсу үшін қажетті дағдыларды дамытуға септігін тигізді деп санайды.

Талдықорған қаласындағы NIS-тің 6-сынып оқушысы Абылайхан Тыныштықбай кіші топта абсолютті чемпион атанды. Ол сондай-ақ алғаш рет 2019 жылы желілік турнирдің үздік ойыншысы болған еді:

– Тоғызқұмалақтан мектептегі бапкерім Жетпісбек Коксогонның арқасында спортта ғана емес, математикадан да жақсы жетістіктерге жетіп жүрмін. Әр жеңіс сайын өзіме деген сенім арта түседі.

Спартакиаданың барлық қатысушысы өздерінің тоғызқұмалақпен байланысты жеке хикаяларын қуана бөлісуде, олардың көпшілігі зияткерлік ойынға NIS қабырғасына келгелі қызыға бастаған. Оқушылардың сөзінше, тоғызқұмалақ математикалық сауаттылықты, сыни ойлау мен логиканы дамытады.

NIS-тің төрешілер тобының жыл сайынғы мүшесі, Талдықорғандағы спорт мектебінің тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Бауыржан Шурин ұлттық ойындардың компьютерлік ойындарды ығыстырып жатқанына сенімді:

– Тоғызқұмалақ бойынша желілік спартакиаданың Зияткерлік мектептерде дәстүрлі түрде өткізілетіні қуантады. Ұлттық ойындар – біздің байлығымыз, олардың кез-келген түрі тарихымыз бен мәдениетімізге, патриоттық сезімдер мен батылдыққа, сондай-ақ спортқа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған.

Үш жас санаты бойынша Талдықорған, Семей және Қызылорда қалаларындағы Зияткерлік мектептер командалары 2022 жылдың абсолютті чемпиондары атанды. Жеке есепте көкшетаулық Ажар Сәрсенбай, талдықорғандық Абылайхан Тыныштықбай, семейлік Малика Әсемханова мен Еркебұлан Досан, ақтаулық Жансая Жәрдем және оралдық Абылай Маметан жеңіс тұғырынан көрінді.

– Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналып, зият пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ ойынына қатысатын оқушылармыздың саны артқаны – біз үшін командалық жеңіс, – деп атап өтті NIS-ті дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Зияткерлік мектептердің ежелгі ойынды жандандырудағы ауқымды бағдарламасы оқушылардың ұлттық тарихқа, салт-дәстүрлері мен мәдениетіне, халық фольклорына, ойындары мен тағамдарына қызығушылығын арттырып, баулығанын растайды.

2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.

 

 

 

 

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img