Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлеуметтік маңызы бар объектілер мен тұрғын үйлерді, оның ішінде мектептер мен ауруханаларды салу сапасы бойынша бірқатар олқылықтар анықталған. Осылайша, 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 30 миллион теңгеден астам айыппұл салынған көрінеді. . Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Арман Ризанов баяндады.
Осылайша, 30 жол құрылысы объектісінде тексерістер жүргізіліп, қорытындылары облыс прокуратурасына жіберілді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Зертханалық бақылаудың 8 материалы бойынша 4 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 5 құрылыс субъектісіне қатысты әкімшілік жаза қолданылды. Оның ішінде 3 Техникалық қадағалау сарапшысы да жауапқа тартылды. Қарау сатысында тағы үш материал бар», – деп бөлісті Арман Ризанов.
40-тан астам жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша олқылықтарды болдырмау мақсатында 37 ұйғарым бекітілді. Атбасар және Аршалы аудандарында құрылыс кезінде бірнеше бұзушылықтар анықталған. Мысалы, соңғысында тұрғындар инфрақұрылымдық желілердің сапасыз жүргізілуіне шағымданды. Материалдар сотқа беріліп, мердігер Мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды жосықсыз деп таныды. Атбасар ауданында алты бірдей әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы техникалық ережелерге қайшы салынып жатқаны да белгілі болды. Облыс орталығындағы жұртқа белгілі «Болашақ Сарайы» мекемесінің құрылысынан да қателіктер аңғаруға болады.
«Әділдік Жолы» қоғамдық бірлестігі мен «Болашақ Сарайы» директорының өтініші бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналып салынған мекеме құрылысының сапасына тексеру жүргізілді. Өтінішке қарай, тексеру барысында шатырды, бассейнді, желдету жүйесін орнату барысында сапасыз жұмыс жасалғаны айқындалған. Мердігер 995 мың 475 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта 90% орындалған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс қарастырылуда»,-деп түсіндірді облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Арман Ризанов.
Жыл басынан бері біршама құрылыс компаниялары да жазаланды. Жоба мен құрылыс сапасының сәйкес келмегені үшін 10 мердігер ұйым және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын 2 қызметші жауапқа тартылды. Жобалық және рұқсат құжаттарының жоқтығы үшін 98 құрылыс субъектісі жазаланды. Спикер тілге тиек еткендей, құрылыс объектілерін тексеру саны шағын бизнес субъектілерін тексеру мораторийлеріне қарағанда азайған. Олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына жаппай қауіп төнген жағдайда ғана тексерілетін көрінеді.
Камила Әбделманова