ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова соңғы жылдары қазақстандық еңбек нарығында жұмыс күші айтарлықтай өскенін хабарлады. Мәселен, 2016-2020 жылдары бұл көрсеткіш орта есеппен 36,4 мың адамды құраса, 2021 жылы 76 мыңға жетті. Бұл жағдай, ең алдымен, 2000-шы жылдардан бастап дүниеге келген жастардың еңбек нарығына қосылуына байланысты болып отыр.
Қазіргі уақытта жұмыспен қамтуды кеңейту және жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру жөніндегі жұмыс Ұлттық жобалар мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жобалар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және АӨК дамыту бойынша Ұлттық жобалары оң нәтиже көрсетуде. Бұдан басқа, барлық өңірлер Мемлекет басшының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жоспарды асыра орындады.
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Барлық белсенді Ұлттық жобалар цифрландырылды, электрондық еңбек биржасында орналастырылған бос жұмыс орындарын толтыру деңгейі 87% құрайды.
Алдағы жылдары еңбек нарығын қолдау үшін Отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, жұмыспен қамту саласында белсенді қызметтер көрсетуге және жыл сайын кемінде 100 мың жасты оқыту, жұмысқа орналастыру және өз ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланған.
Аталған тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы жаңа жұмыс орындарын құру бойынша көрсеткіші негізінде бағаланатынын атап өтті.
«Еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп, соған сәйкес жұмыс жүргізу қажет. Аса маңызды мәселе – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, биыл Ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде 269 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Бірақ олардың 175 мыңы – уақытша жұмыс.
«Біз тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге күш салуымыз керек. Ол үшін цифрлық технологияларға сүйену маңызды. Мемлекеттік органдардың жүйелерін толық интеграциялай отырып, жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет», — деді Премьер-Министр .
Сондай-ақ ол Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы мен Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасын біріктіргеннен кейін, жұмыссыз жүргендерге электрондық хабарламалар арқылы вакансиялар ұсынуға болатынын айтты.
«Жұмыссыздарға өтініш жазбай-ақ бос жұмыс орындарын ұсыну маңызды. Мұндай қызметтерді смартфон арқылы қолжетімді ету қажет», —- деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ.
Ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың саны Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында көп екенін атап өтті. Ал, бұл өңірлерде мамандарға сұраныс көп.
«Аталған облыстардың әкімдіктері жастарды оқытып, жұмысқа орналастыру мәселесін жеке бақылауға алсын. Жастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы жеткілікті ақпарат берілмейді. Сондықтан осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажет», — деді Премьер-Министр.
Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және оларды еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасына енгізуді, тиісті қызметтер көрсетуді автоматтандырып, қарау мерзімдерін қысқартуды тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері мен әкімдіктерге жұмыспен қамту саласының инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз ету және жұмыспен қамту орталықтарының қызметін толық цифрландыру тапсырылды.
«Біз жұмыспен қамту идеологиясын, қоғамдағы еңбекке деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Еңбек адамының оң имиджін, барлық кәсіптердің құндылығын қалыптастыру мәселелерін пысықтау қажет», — деді Әлихан Смайылов.