spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-3.8 C
Kokshetau

Президент тапсырмасымен Көкшетауда «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпыұлттық экоакциясы басталды

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетауда «Табиғатта қоқыс жоқ» жалпыұлттық акциясының бірінші кезеңі өтті. Оған қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері, жергілікті университеттердің студенттері, белсенділер мен еріктілер қатысты. Акцияның түпкі мақсаты қаланы қоқыстан тазартып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған деп хабарлайды «AqmolaNews» ақпараттық агенттігі.

Көкшетау қаласының көрікті жерлерінің бірі Букпа тауында бүгін студенттер қарасы көбейді. Оларды біріктірген асыл мақсат–кербез сұлу Көкшетаудың көрікті жерлерін қоқыстан және басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту. Айта кету керек, Бұқпаға келген туристер немесе қала тұрғындары тазалық пен тәртіпті сақтамай, өзінен кейін біраз қоқыс қалдырған екен. Бұған айналада шашылған полиэтилен пакеттері, бөтелкелер мен басқа да қалдықтар дәлел. Сондықтан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ондаған студенттері таң атысымен Бұқпаны қоқыстан тазартуға кірісті. Олар экоакцияға туған қала көркеюіне атсалысып, өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін қатысты.

«Мен бұндай іс-шараларға қатысуға қашанда дайынмын. Мен өзім Көкшетау қаласының тұрғынымын. Біз бәріміз осында тұрамыз, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, басқа жас жігіттерімізге үлгі болуымыз керек. Экологиялық мәдениетті үнемі арттырып, экологиялық мәселелерді шешуге бәріміз атсалысуға міндеттіміз. Мысалы менің әкем орманшы, ол ылғи тазалықты сақтау, қоқыстытан айналаны тазалауды және табиғатқа қамқорлық жасау керектігін айтып отырады», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Ілияс Қажыбаев.

Акцияға барлығы 80-ге жуық Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің білім алушылары қатысты. Оқытушылар атап өткендей, жас ұл-қыздар осындай акциялар мен іс-шаралардың тұрақты қатысушылары. Олар әр экологиялық белсенді бастаманы қолдап, табиғатты таза етуге деген құлшыныстарын жасырмайды.

«Акцияға «экология» және «қоршаған орта қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша оқитын студенттер белсенді қатысады. Олар қоршаған ортаның ластануы және оның салдары, табиғатқа келтірілген зияны мен бұндай акцияларды өткізудің маңызы туралы жақсы біледі. Жастар келесі сенбіліктерге де қатысуға ниет білдіруде», – деп атап өтті Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің агротехникалық институты директорының орынбасары Нұрлан Байкенов.

«Табиғатта қоқыс жоқ!» акциясын Көкшетау жергілікті экология департаменті мен қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастады. Экологтар мен жергілікті атқарушы органдар облыс орталығындағы тазалауды қажет ететін ең ластанған жерлерді анықтап берген. Акция қатысушылары төрт жерде жұмыс жүргізді.

«4 жерде жоғары оқу орындарының студенттері мен әкімдік қызметкерлері қоқыс жинап, аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұқпа тауында, «Алаш Арыстары» саябағында, Красный Яр ауылындағы Қылшақты өзенінің жағалау аймағы және Шахмет Құсайынов көшесіндегі жеке секторда қоқыс жиналды. «Табиғатта қоқыс жоқ!» акциясының бүгін қала бойынша бірінші кезеңі өтті. Осы акция қазан айында әр сенбі сайын өткізіледі», – деп түсіндірді облыстық экология департаментінің бас маманы Күләш Рахимова.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 5 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлығымызды бірігуге шақыратын, тұтынушылық көзқарасқа қарсы барлық адамдар табиғатты қорғауға арналған «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпыұлттық экологиялық акцияның басталғаны туралы мәлімдеді.

«Жақында Павлодар мен Екібастұз жастары» EcoStudentKZ » республикалық экологиялық челленджін қолдағанын білемін – студенттер саябақтар мен скверлерді тазалады. Менің ойымша, мұндай іс-шаралар көп болуы керек, өйткені ол қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті көрсетеді. Сондықтан менің ұсынысым бойынша Астана мен Алматыда «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпы халықтық акция іске қосылды.Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін», – деді Президент.

Жалпы, өңірдің бей-жай қарамайтын тұрғындары мен белсенділері жалпыұлттық акцияны қолдады. Эко-белсенділер мен еріктілер ластанған жерлерді қоқыстардан тазартуға бағытталған іс-шараларға қатысуға шақырды. Өйткені, еліміздің әрбір тұрғыны қоршаған ортаға және табиғаттың тазалығына қамқорлық жасауға міндетті.

Камила Әбделманова

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img