Ұлт ұстазы-Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған қойылымның премьерасын «Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет колледжінің» дарынды студенттері халық назарына ұсынды.
«EL-jastar» театры студенттерінің Алаш арыстарына деген ақ пейілі мен оларды насихаттауға бағытталған бағалы бастамасын көрермен ерекше ықыласпен қабыл алды. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салып, ағартушылық қызметімен қоса халқымыздың 20-шы ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы және оның замандастары, Алаштың біртуар ұлдараның жалған айыппен Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанарына айналуы сынды қасіретті болашақ актерлер жақсы жеткізе білді. Көрермен қойылым арқылы тарих тоғысының мәлім де беймәлім тұстарын сезіне алды.
«Бүгінгі «Алаш» атты поэтикалық драма Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары арқылы оның болмысын, портретін халыққа жеткізуге тырыстық. Байқал Байәділов ағамыз ұлт ұстазының мерейтойына арнап танымдық шара өткізу туралы ұсыныс тастады. Содан 8 қырқүйек ұжымға ұсынып тастап, 12 қырқүйек сценарий құрылып, дайындықты бастап кеттік. Аз уақыт ішінде студенттер өз деңгейіне сай қойылымды жақсы алып шықты деп ойлаймын. Болашақ театр маманы болам деп жүрген жастарымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Алдағы уақытта олқылықтардың орнын толықтырып, жаңа бір идеялар қосып көрермен назарына тағы ұсынамыз. Театрдың кинодан ерекшелігі сол: үнемі дамып, қателермен жұмыс жасап отыруға мүмкіндік бар», – дейді қоюшы режиссер Нұрислам Әбділ.
Қойылым 1 сағатқа созылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде азап шеккен Ахмет Байтұрсынұлы мен замандастары көрген ойранды жылдардың қайғы-қасіретін, шексіз әділетсіздігін бейнелейтін драмалық қойылымда басты рөлді сомдаған Ерболат Бекежан есімді 2 курс студенті рөлді алып шығу оңайға соқпағанын, бірақ, бұл ол үшін үлкен тәжірибе мен Ахмет болмысын жақын танып білуге септігін тигізген көрінеді.
«Қойылым алдында ерекше толқып тұрмын. Мен үшін осынау біртуар тұлғаның рөлін сомдау үлкен жауапкершілік. Ол кісінін халық үшін жасаған ерең еңбегі мен елі үшін пида еткен ғұмырын абыроймен көрермен көңіліне жеткізу парызым деп білемін. Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын бала күнімізден оқып өстік. Алайда осы қойылым арқылы оның өлеңдерінің тереңде жатқан мағынасын және ішкі тебіренісін түсіндім», – деді «EL-jastar» театрының мүшесі Ерболат Бекежан.
Қойылым аяқталғаннан кейін кеш қонақтары қойылымға қатысты пікірлерін білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтты. Облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Айгүл Сәбитова өңір басшының атынан қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады. Кештің құрметті қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев жастар театрларын дамытып, қолдау көрсету қажеттігін айтты. Жастардың жалынды жігері мұқалмасын, жолдары қашан ашық болсын дегіміз келеді.
Тарихта тектілігімен өткен тұлғаларымыздың тағылымын зерделеп, тәжірибесін меңгеру, даналығын ұғу, жас ұрпақтың санасына сіңіру бүгінгі күні басты міндет.
Камила Әбделманова