spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Көкшетау қаласының тұрғыны бөдене өсірумен айналысады

Сондай-ақ...оқыңыз

Бөдене – қырғауылдар тұқымдастарына жататын құс. Ақшыл жолақты кішкене сұр құс шөлейт дала мен заңғар таулардан басқа жерлердің бәрінде ұялайды. Бөденеге арнап ақындар өлең де жазған. Солардың ішінде Шәкәрім ақынның «Қаншыр мен бөдене» атты өлеңі де оқырмандарға жақсы таныс болуы тиіс. Көкшетау қаласындағы Менжинский көшесіндегі шеткі үйлердің бірінде тұратын Фарид Усманов құс өсіруді кәсіп етіп жүр. Соның бірі кәдімгі бөдене. Біздің солтүстік өңірде қаз бен үйрекке, тауыққа құлақ үйреніп, көз қанып болған. Ал бөдене сәл тосындау естілетін құс. –Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін жұмыссыз қалдық. Қарап отыруға болмайды. Отбасын асырау керек. Сосын қалада тұрсақ та сиыр ұстап көрдік. Біртіндеп тоғыз басқа дейін жеткіздік. Бірақ солтүстік өңірде мал ұстаудың азабы көп екендігін әркім де біледі. Біздің жақта қыс ұзақ. Қыс ұзақ болған соң мал қолға қарап кемі жеті ай тұрады. Егер бір сиырды қыстан шығару үшін үш-төрт тонна шөп қажет деп есептесеңіз, бұл мөлшерді ақшаға шағу оп-оңай. Әр жылдары шөптің шығымына орай бір тіркеме шөп 25-30 мың теңгеге айналады. Оның үстіне құрама жемді қосыңыз. Қалалық жерде жем қасқалдақтың қанындай қат, таптырмайды. Егін аз шыққан жылдары жемнің бағасы өсіп кетеді. Содан соң құс ұстауды мақұл көрдік. Бұл мал баққаннан әлдеқайда жеңіл, әрі жем-шөп те оншалықты көп қажет емес. Тек қоражайлары жылы, әрқилы дәрумендерін тауып беріп тұрсаң болғаны. Алдымен бөденені не үшін өсіретініңізді анықтап алуыңыз керек. Егер сапалы бөдене етін өндіруге ықыласыңыз ауса, онда калифорниялық тұқымға көшесіз. Ал жұмыртқаның жайы бір басқа. Бұл ыңғайда ең қолайлысы жапон бөденесі. Жапондық бөдене 50-60 күннің ішінде жұмыртқалай бастайды. Салыстыру үшін айта кетейік, тауық балапандары жұмыртқадан шыққан соң 200 күннен кейін ғана жұмыртқалайды. Жыл сайын әр бөдене 300-ден астам салмағы 10-15 грамм болатын дәмді, денсаулық үшін аса пайдалы жұмыртқа береді. – Жалпы, бөденені көбейту үшін ең бірінші инкубатор қажет,–дейді Фарид Усманов,–кәдімгі кішкентай тұрмыстық инкубаторларды пайдалана беруге болады. Қазір ондай заттар базарда, дүкендерде толып тұр. Бөдене жұмыртқалары үшін инкубация мерзімі 17-18 тәулік. Жұмыртқаны жарып шыққан балапан жүндері үлпілдеп тұрады екен. Тауық балапандарымен салыстырғанда әлдеқайда кішкентай, тіпті титімдей. Бөдене балапандарын арнайы дайындалған жәшіктерде немесе торларда өсіреді. Қыс айларында құс қорасының жылылығы 15 градустан төмен болмауы шарт. Әйтпесе, жұмыртқаламай қояды. Алғашқы аптада бір бөдене балапаны күніне 4 грамм, екінші аптада 7 грамм жем жейді. Осылайша уақыт өткен сайын қосып отырады. Фарид Усмановтың айтуына қарағанда, негізі табысты іс. Егер көзін тапсаң, жұмыртқаны тұтынатын адамдармен байланыс жасасаң, табыс көлемін былайша есептеуге болады. Бөдененің әр жұмыртқасы 50 теңгеден. Жүз бөдене жылына 30 000 жұмыртқа береді, яғни 1 500 000 теңге деген сөз. Балапанның екі айда өсіп жетілетінін жоғарыда айттық. Жүз бөденеден өсіріп, етін сатсаңыз, жылына 300 000 теңге табыс табасыз. Сонда барлығы 1 800 000 теңге болып шығады. Аз табыс емес. Кей-кейде екі қолға бір күрек таба алмай, кәсіпсіз қарап отырғандарды көргенде күйзеліп қалатының шындық. Ал Фаридтің мына бір ісі жарқын мысал бола алар еді. Тым болмағанда құс өсіріп те күн көруге болады екен. Күн көргеніңіз не, тіпті, байып та кете аласыз. Фаридтің құс шаруашылығында құс атаулының небір түрлері бар. Айталық, ресейдің ақ қазы. Ақ қаз туралы аңыз да мол. Арғы тегі құс төресі аққумен шағылысқан дейді. Бәлкім, денесінің тым ірі болуы содан. Шындығында ақ қаз 8-10 килограммға дейін ет береді. Біздің көзіміз үйренген кішірек қаздай емес, денесі де сом, еті де мол. Ал «жалаңаш кеңірдек» деп аталатын қытай тауығы туралы әңгімені тамсанып айтуға болар еді. Өйткені оның еті түп-түгел қара болады екен. Шелінің астындағы майына дейін. Шын-өтірігін кім білсін, әйтеуір, тауықтың бұл түрінің еті Қытайдың тек ақсүйектерінің ғана аузына тисе керек. Өйткені оның адам ағзасына дәрумендік пайдалы жағы аса мол болса керек. Бірыңғай құспен айналысатын Усмановтардың қос қабатты үйінің жаны әлдебір әсемдік мүйісіне ұқсайды. Кіреберісте жасанды көл. Көл жағалауында қаз-үйрек, толқынды төсімен ұрған аққу. Әлдебір төбешіктің қасында қолына фонарь ұстаған мұжық тұр. Қасында азуын ақситқан төбет. – Осының барлығын Ресейден сатып әкелдік. Гүлдерді әдемілік үшін өзіміз өсірдік, – дейді Фаридтің жары Лейла Мұратқызы.

 

 

Фото: islam.kz

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img