spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Көкшетауда көз ауруына шалдыққан бүлдіршіндер көбеюде

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгінгі жан бағудың қамымен жанталасып жүрген біздің толқынның арасында кейінгі ұрпақтың денсаулығын ойлап жүрген жан бар ма екен. Бала біздің болашағымыз деп үлбіреген үмітін үкілеп, кекілін сипап, соңынан ерткен әр баланың бойында бір-бір сырқат бар.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда балалар арасында ең көп кездесетін дерт-анемия. Екінші орында көз аурулары.–Көз ауруларының түрлері де, себептері де саналуан,–дейді Көкшетау қалалық балалар емханасының көз дәрігері Сабира Крушева,–біз 1 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың көзін, көру қабілетін қадағалаймыз. Көз ауруы да тұқым қуалайды деген ұғым бар. Асылында көзге қатер көп. Дегенмен, сараптап қарасаңыз тұқым қуалағаннан сыртқы орта әсерінен пайда болатын сырқат әлдеқайда көп. Алдымен, ата-аналардың санитарлық талаптарды сақтаулары қажет. Үш жасқа дейінгі сәбилердің көздерін уқалауы қалыпты жай. Егер тазалық дұрыс сақталмаса әрқилы микробтарды жұқтыруы оп-оңай. Сондай-ақ, іштен туа бала бойына жабысатын көз сырқаттары да бар. Оларға енді амал жоқ. Көкшетау қаласында соңғы жылдары балалардың көз аурулары күрт өсіп кетті. Облыс орталығындағы «Аленушка» балалар бақшасында арнайы топ ашылып, жұмыс істеуде.

Осы арада мына бір деректі келтіре кеткен жөн. Сабира Асқарқызының айтуына қарағанда әрбір 15 мың тұрғынға бір балалар көз дәрігері болуы қажет екен. Ал, 150 мыңнан астам халқы бар Көкшетау қаласында жалғыз ғана балалардың көз дәрігері бар.
–Облыс орталығындағы барлық балаларды толық, тиянақты қамту өте ауыр болып тұр,–дейді Сабира Асқарқызы,–екі ауысыммен, үш ауысыммен де жұмыс істеуге тура келеді. Шаршаймыз, шалдығамыз. Бірақ, амал қанша.

Көз – адамның ең бір нәзік, жанды жері. Тәндегі өзге сырқаттың да жанардың кемуіне жанама әсері көп. Әсіресе, сусамыр ауруы. Сондай-ақ, жүйке аурулары да. Мектеп жасындағы балалар ішінде ішкі без ауруларымен ауыратын балалардың саны жыл өткен сайын өсе түсуде. Бұл да ойландырмай қоймайды. Тіпті, тілі шықпаған балалардың өзі таң атқаннан кешке дейін теледидар қарайды.

–Бұрынғының балалары қолы-аяққа тұрмайтын тынымсыз болушы еді. Біздің Жандос қолына планшет беріп қойсаң, өзімен-өзі алданып отыра береді. Тіпті, әке-шешесін де керек қылмайды,–дейді Күләш Бейсенбаева.

Бірақ, бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұялы телефонға әуес балалардың көз ауруы қаупі күшейетіндігін ескере бермейді.
Балалардың дені сау болуы алдымен анасына байланысты. Сондықтан да ана денсаулығын сақтау мәселесі бірінші орынға шығарылуы керек. Балалар арасында өзгені былай қойғанда неврологиялық аурулармен ауыратын балалар да көбейіп келеді. Оның себебін мамандар алғашқы сатыдан деп есептейді. Түсінікті тілмен айтатұғын болсақ, ананың баланы дүниеге әкелуге дайындығының аздығынан.
Біз осы тақырыпты қаузап індеткенімізде педиатрлардың жүктемесінің шамадан тыс көп екендігін аңғардық. Айталық, Көкшетау қаласындағы балалар емханасының мәліметіне қарағанда әрбір дәрігер 900 баланы қарауы қажет. Педиатрлардың жетіспеуінен жүктеме мөлшері 1200-1300 балаға дейін көбейген. Демек, дәрігердің атқаратын жүгі де ауырлай түседі. Медицина институттарындағы педиатр дайындайтын факультет осыдан бес жыл бұрын жабылып қалған.
Сөзіміздің басында балалар денсаулығына қамқорлықтың аздығы жайлы айтқан пікір осындай деректерді ой елегінен өткізгеннен кейін барып туындап отыр. Ушыққан мәселенің уыты қайтпаса көзәйнек киген балалардың қатары күннен-күнге көбейіп, ұлт болашағына айықпас кесел болып жабысуы да мүмкін.

 

Фото: qazaly.kz

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img