Сенбі мұғалімдер үшін демалыс күн болады.
Келесі оқу жылынан бастап мектептер үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің оқу жүктемесін азайту, оқу жылын созу және оқу жүктемесін біркелкі қайта бөлу туралы шешімдерінің арқасында мүмкін болды. Бұл туралы «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты республикалық тамыз конференциясының пленарлы отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
«Келесі оқу жылынан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс кестесіне көшуі тиіс. Бұл тек кем дегенде 1,5 млн мектеп оқушысы үшін қосымша 36 күн демалыс ғана емес. Бұл шешім директорларға, директорлар орынбасарлары мен мұғалімдерге қатысты болпды, енді олар қосымша 36 күн демалады. Мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларынығ қасында болып, өзін-өзі дамытумен айналысуы керек деп есептейміз. Әріптестердің мұндай шешім «демалыс күндерін қысқартуға әсер ете ме?» деген сауалы туындауы мүмкін. Осы ретте 56 күндік демалыстың өзгеріссіз қалатынын атап өткім келеді. Бұл шешім жалақыға да әсер етпейді», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр Президенттің қолдауының арқасында мұғалімдерді міндетіне сай келмейтін жұмыстардан, мысалы, үй-үйді аралау, бұқаралық іс-шараларға қатысу және т.б. жұмыстан босату шаралары қолға алынғанын, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасатынын жеткізді. Мектептер заңды түрде әкімдіктердің қарамағында екенін атап өтейік. Десе де министрлік педагогтердіі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Бұйрығымызға сәйкес, мұғалімдер күніне екі құжатты, яғни электронды журнал мен сабақ жоспарын ғана толтыруы керек. Мұғалімдерді қолдау бойынша жұмыс өз жалғасын таба береді», – деді министр.
Асхат Аймағамбетов өз сөзінде былтырғы оқу жылын қорытындылап, 2022-2023 оқу жылының жаңа бағыттарын атады.
Атап айтқанда, Асхат Аймағамбетов алдағы оқу жылындағы жаңалықтарға тоқталды. Ол тілдерді кезең-кезеңімен оқыту туралы айтты: биылдан бастап бірінші сынып оқушылары ана тілін, екінші сыныптан орыс тілін, үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйренеді.
4 тамызда Педагогтердің республикалық тамыз конференциясы басталған болатын. Осы уақыт ішінде 39 панельдік сессия өткізіліп, олар Facebook, Instagram және YouTube парақшаларында көрсетілді. Оларға 400 мыңнан астам педагог қатысты. Оқу жылы қарсаңында тәжірибелі ұстаздар, білім саласының мамандары, ата-аналар мен министрлік өкілдері білім сапасын арттыру мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.
Пленарлы отырыс соңында үздік ұстаздар Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен, медальдарымен және ведомстволық наградаларымен марапатталды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-каналы
Фото: liter.kz