Көкшетау алаңында спорт күніне арналған мерекелік кеш шымылдығы облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ақмолалық спортшыларды құттықтауымен ашылды. «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен облыстың еңбек сіңірген жаттықтырушылары марапаталды. Өңір споршылары республика асып, әлемдік аренада біліктілтерін сан мәрте дәлелдеп келеді. Сондай-ақ, «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» алғыс хаттары табысталды.
Қазақстанның 20 қаласында өтетін спорт фестивалі кербез сұлу Көкшетау қаласына табан тіреді. Көкшетау ҚР Президенті жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан аталмыш фестивалді қабылдап отырған 14-ші қала. Салтанатты шара қонақтары республикалық «Tartyl Fest» спорт фестивалінің амбасадоры Айтым Жакупов және оның командасы.
«Фестивальге қатысушылар арасынан 27 жеңімпаз анықтаймыз. Әртүрлі салмақ категориялары бойынша 1-орынға ие болған 9 қатысушы, 6-қырқүйек күні, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңде Ақмола облысының намысын қорғайды. Облыстық деңгейде орын алған әр жеңімпазға ақшалай сертификат табысталады»-, деді Қазақстандағы street workout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Айтым Жақыпов.
Сайысқа қатысып, бағын сынауға 300ге жуық үміткер өтінім тастаған. Қызығы қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған екен. Жасы ең үлкені 81 жастағы қария Владислав Изюмский. Бала күнінен спортпен айналысқан ол 24 рет тартылып, тамаша өнер көрсетті. Сондай-ақ, жерлестерімізді фестивальдің ең жас қатысушысы Щучинск қаласынан келген 5 жасар Валерия Дмитриева таң қалдырды. Анасының айтуынша Валерия әзірге ешқандай секцияларға бармайды, тек қызығушылықпен күшін сынап көруді шешкен.
Бірінші орын үшін қатысушылар 200 мың теңге ақшалай сыйлық алса; екінші орын үшін – 100 мың теңге; үшінші орын үшін – 50 мың теңге. Танымал қазақстандық әнші Ғаділбек Жанай кеш қонақтарына арналған сахнада өнер көрсетті.
Камила Әбделманова