Көкшетауда облыс әкімі Ермек Маржықпаев Оңтүстік Кореяның білім беру қоры және «GLOBAL «САПА» орталығының өкілдерімен кездесті.
Тараптар Ақмола облысының жоғары және орта оқу орындары мен «WOOSONG»университетінің арасындағы ынтымақтастықты талқылады.
Кездесуді ашқан өңір басшысы бұл жоба-елдерді байланыстыратын зияткерлік көпір екенін,
студенттер алдында болашақ білім көкжиегін ашатынын атап өтті.
«Біздің елдерімізді өзара құрмет пен сенімге негізделген дәстүрлі достық қатынастар байланыстырады, сондықтан біз тұрақты даму мен ынтымақтастыққа мүдделіміз», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ақмолалық студенттердің университетте оқуы үшін корей тарапына алғысын білдірді. Биылғы жылы жоғары техникалық колледждің оқушылары екі ай бойы WOOSONG университеті мен SOLDBRIDGE Халықаралық бизнес мектебінің ұйымдастыруымен көшбасшылық, кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылық сияқты 3 бағыт бойынша курстардың тыңдаушылары болды.
«Корея Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда. Біздің университет сіздің аймағыңызға өз үлесін қоса алады деп сенемін. Бүгінгі таңда білім беру кешенінің құрамына университет, алты кәсіптік-техникалық мекеме және мектеп кіреді. Бұл Кореядағы ең ірі кешен», – деді «Woosong» колледжінің Президенті Даль Енг Ли.
Университет Оңтүстік Кореяның жоғары білім Министрлігімен аккредиттелген және өнеркәсіптік-техникалық білім беру саласындағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.
Оқу орны «Силикон алқабы» – жоғары технологиялардың даму орны және 5000 жылдық тарихы бар қала ретінде танымал Тэджон қаласында (Daejeon) орналасқан. Сондай-ақ, қала Дүниежүзілік мұраның халықаралық тізіміне енгізілген.
Іс-шара қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімдігі мен «WOOSONG» білім беру қоры мен «GLOBAL «САПА» халықаралық білім беру орталығы арасында өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.