Акция 1-тамыз бен 1-қыркүйек арасында жалғасады. Осыған дейін мемлекет баланы киім-кешекпен қамтамасыз еткен кезде, халық тарапынан берілген заттардың сапасы мен өлшеміне қатысты назаразылық жиі орын алғаны белгілі. Сол себепті білім беру басқармасы биылғы жылы бұл үрдіске айтарлықтай өзгерістер еңгізген. Яғни, әлеуметтік осал топтан шыққан әр балаға 40мың теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ата-ана 15 күн ішінде осы қаражатқа баласына мектепке қажетті заттар алып, түбіртек суреттерін білім басқармасының почтасына жіберуі тиіс. Жалған ақпарат пен жасанды чек жіберген жағдайда міндетті түрде жауапқа тартылады. Ақмола облысында биыл 15877 бала мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алады деп жоспарлануда.
«Егер бұрын бөлінген сома жергілікті бюджетке, өңірге байланысты 15-тен 50 мың теңгеге дейін өзгерген болса, Биыл оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша үкіметтің № 64 Қаулысына өзгерістер енгізілді, енді көмек көрсету сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 37389 теңгеден төмен болмауы тиіс, өйткені ол жергілікті бюджет есебінен көрсетіледі. Біздің облыс бойынша бұл сома 40 мың теңгеге тең»-, деп толықтырды Ақмола облысы білім басқармасы жетекшісінің орынбасары, Ботакөз Дүйсенова.
Облыс бойынша материалдық көмек алған балалардың жалпы саны 6726, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 5284 оқушы 214305 мың теңгеге , бюджеттен тыс қаражат есебінен 1442 оқушы 11795 мың теңгеге көмек алды. Көрсетілген материалдық көмектің жалпы сомасы 226100 мың теңгені құрады. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасуда.
Камила Әбделманова