spot_img
Сәрсенбі, Қараша 27, 2024
-11.6 C
Kokshetau

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні

Сондай-ақ...оқыңыз

2020 жылдың 5 тамызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» мерекелік дата болып бекітілген-ді. Ұзақ жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні болып аталып келе жатқандықтан, Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы күн күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілгендігі орынды еді.

Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз.
(Абай. Жиырма төртінші сөз.)
Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз¬дің күнделікті өмірлік ұстаным¬дары¬мыз да өзгеруі керек.Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар жә¬не жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.
(Қасым-ЖомартТоқаев.) *

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды»,-деген (төртінші сөз) Абай хакім айтқанды, болмаса Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың :«Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн»,-деген қағиданы қалайша іске асырамыз? Міне, бізді осы ойландырса етті!
*
“Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол»,- деген Абайдың отыз үшінші сөзіндегі осы жай осы күндері маңыздырақ бола түсері де бар. Біз кешегі ата-бабаларымыздың не бір талай-талай тамаша қолөнерін ұстай алмай қалдық. Енді соларды, яғни халқымыздың қол өнерін қалпына келтіруді қолға алу бүгінгі баланы еңбекке баулудың бірден-бір жолы екендігін ұғына білсек етті.
*
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып келе жатқан ұлт болмысын қалыптастыру үшін Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің!»,- дегенін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп отырғанымыз әбден абзал болар еді. Абай хакімнің бұл айтқаны бүгінгі отбасының ұрпақ тәрбиесіндегі және әрқайсымыздың ұстанымымыз болса керек-ті.
*
Абай: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады»,-деп адам баласын қор қылатын «надандық», «еріншектік», « залымдық» қандай қасіретке ұрындыратындығы жайлы ғақлиясын, яғни, ақыл сөзін отбасы тәрбиесінің тағы бір өзегіне айналдыра білсек, осыны өз ұрпағымызға айтумен бірге халқымыздың санасына сіңіре білсек ұлттымызды жаңа сапаға көшірудің бір тетігі болары да анық.
*
«Біраз сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түбін ойлап уайым жеп айтқанмын»-, деген Абай хакімнің сол уайым жеп айтқанын терең ой санамен зерделей білсек және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жат¬қаны анық»-, дегенінжәне де есте ұстағанымыз абзал!

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі – Жабал Ерғалиев

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Көкшетауда  «Ер намысы — Ел намысы – 2024» қалалық байқауы өтті

"Достар" мәдениет сарайында погондағы ер азаматтар арасында "Ер намысы — Ел намысы-2024" атты қалалық байқауы өтті. Жыл сайын өткізілетін...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img