Өңірде мәдениет мекемелерімен мерейтой иесінің құрметіне арналған 150 – ге жуық іс-шаралар жоспарланған, деп хабарлайды Ақмола облысының мәдениет басқармасы.
Іс – шаралардың қатарында әскери әндер байқауы, әдеби, портрет кештері, тарих сағаттары, акциялар, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері бар.
Есімі ел есінде мәңгі қалған Кеңес одағының екі мәрте батыры атағын алған алғашқы қазақ, белгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновтың туғанына биыл 100 жыл толған мерейтойын ақмолалықтар жылы ықыласпен қабылдауда. Батырға деген құрмет те жоғары.
Айтулы күнге орай Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері қаламыздағы «Еркем-ай» балабақшасында «Қазақтың текті қыраны» атты музейлік сабақ өткізді.
Сабақ барысында бүлдіршіндер халқымыздың аты аңызға айналған Батыр ұлының өмірбаянымен, сұрапыл соғыс жылдары қан майданда жасаған ерліктері туралы мағлұмат алып, Көкшетау қаласы орталығында орналасқан ескерткіші тарихымен танысты.
М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК-нің Абонемент секторы оқырмандар назарына «Ерлік найзағайы» атты көрмесін ұйымдастырды.
Аталмыш көрмеде Екі мәрте Совет Одағы батырының өмірі мен ерлігі жайлы құжаттар қойылды. Сонымен қатар батыр туралы естеліктер мен ерлігі жайлы зерттеу жұмыстары ұсынылды.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасымен бірлесіп Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың текті қыраны» атты іс-шарасын өткізді.
Іс-шарада Талғат Бигелдиновтың өмірбаяны мен қызметі туралы мәлімет бере отыра, қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар, батыр ағамызға арналған қаламыздың орталығында орнатылған мүсін туралы айтылып, қелешек ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні мен үлгі-өнегесі жайлы сөз қозғалды.
Естеріңізге сала кетейік, алып батыр Ақмола облысының тумасы, ол 1922 жылы 5 тамыз күні Қорғалжын ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келеді. Әскери әуе жолдарын бағындырған, аспан адамы атағына ие болған қаһарман атамыздың есімі әлдеқашан-ақ сол аспан биігіне дейін шарықтап кетті. Анталаған жауға тұтқиылдан соққы беріп, есеңгіреткен есіл ер өз өмірінде 305 рет көкке көтерілген екен.