Ақмола облысында ішкі нарықты негізгі аса маңызды тауарлармен, оның ішінде азық-түлік тауарларымен, құрылыс материалдарымен, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Өнімнің негізгі түрлері бойынша Ақмола облысы өз қажеттілігін толығымен жабуға қауқарлы. Сондай-ақ, республиканың басқа өңірлеріне импорттауға мүмкіндік бар. Осылайша, ұн, жұмыртқа, ірі қара мал мен құс еті, сүт және картоп сияқты азық-түлік түрлері бойынша 100% – ға қамтамасыз етілдік.
Азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерінен бөлек, жүккөліктері мен мамандандырылған автомобильдер, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника, құрылыс материалдары, жеке қорғаныс құралдары, өрт сөндіру, өлшеу аспаптары, тігін бұйымдары мен аяқ киім өндірісі бір ретке қойылған. Полиэтиленнен және полипропиленнен жасалған қаптар, жиһаз, химиялық және био тыңайтқыштар, жуу құралдары және тағы да басқа өндіріс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 2022 жылғы қаңтар-маусым аралығында нақты көлем индексі 106,5% – ды құрады. Бұл туралы Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары, Александр Загребин баяндады. Айтуынша:
«Ұн өндірісі 1,6 есеге, сары май 3,3% – ға , құс еті 7,8% – ға ұлғайды. Химия өнеркәсібіне тоқталар болсақ, пестицидтер өндірісінің көлемі 3,5%-ға, этил спирті 30,7% – ға көбейсе, жеңіл өнеркәсіп : былғары аяқ киім өндірісінің көлемі 1,6 есеге, басылған аяқ киім 5,4% – ға ұлғайды. Сонымен қатар, құрылыс индустриясында өндіріс көлемінің төмендеуі, цемент өндіру көлемі 30,1% төмендеді. Мысалы, «Көкше-Цемент «ӨБ» ЖШС-де өндіріс көлемінің төмендеуі жабдықтардың істен шығуына және пештердің ағымдағы жөнделуіне байланысты».
Ақмола облысы азық-түлік тауарларын өндіруші алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Биылғы жылы жасалған жұмыстардың сапасы да, ауа-райы да өңімді молынан шығаруға серпін болды. Сол себепті дефицит проблемасы болмайды деп күтілуде.
Камила Әбделманова
Фото: Рамиль Дусумов