Соңғы жылдары Ақмола облысының шаруалары, қиындығына қарамастан, көкөніс шаруашылығымен айналысуға көп көңіл бөліп келеді. Азық-түлік нарығын тұрақтандыру мақсатында Есіл ауданының аграршылары көкөніс өсіру саласында ірі жобаны жүзеге асыруда.
Өсімдік және көкөніс шаруашылығындағы «Organico» серіктестігі алты жылдан астам уақыт бойы ауданда көкөніс өсірумен айналысып келеді. Олармен бәсекелесе алатындар да аз. Шаруашылықтың қызметі дәнді, майлы және көкөніс дақылдарына бағытталған. Жалпы егіс көлемі 16 мың гектардан асады. Қолда бар ресурстарды және қолайлы табиғи-климаттық жағдайларды пайдалана отырып, серіктестік 2017 жылы жаңа жылыжай кешенін іске қосқан.
«Қазір біз ашық және жабық топырақтағы көкөністерге назар аударудамыз. Жылыжайды екі жылда салдық. Бұл біздің жобамыздың алғашқы кезеңі болды. Содан кейін біз көкөніс өсіру көлемін ұлғайтып, жыл бойы жұмыс істеу керек деп шештік. Қажетті дайындықтардан кейін біз 20 гектар сәбіз отырғыздық. Ол үшін көкөніс қоймасы салынды, сондай-ақ, суару және сорғы жүйесі жабдықталды», – деді кәсіпорын директоры Виталий Коренков.
Бұл тұста ең үлкен жоба деп сәбізді ұзақ сақтауға арналған 2000 тонналық көкөніс қоймасын айтсақ артық болмас. Оның құны шамамен 1 миллиард теңгені құрады. Бұдан басқа, серіктестіктің суаруға арналған жабдықтары, жинау комбайны да бар. Соңғы екі жылда кәсіпорын тұтынушылар арасында оң имиджін қалыптастырып, ауданда ғана емес, облыс көлемінде де сұранысқа ие.
«Әрине, жобаның құны мен шығындары үлкен, бірақ өтелімділігіне күмән жоқ. Есесіне бізде «Grimme», «Kverneland», «ASA-LIFT» жоғары технологиялық комбайндары және «Gaugli» фирмасының тоңазытқыш жабдығы бар. Суарудың арқасында біз гектарына 90-100 тонна өнім аламыз, бұл біздің аймақ үшін өте жақсы көрсеткіш. Жылыжай ауданы 0,3 гектар. Мұнда біз 150-170 тонна қияр жинаймыз», – деп толықтырды кәсіпорын директоры.
Биыл кәсіпорын 200 гектардан 5 мың тонна көлемінде көкөніс алуды мақсат етіп отыр. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалып, келесі жылға картоп пен сәбіз егу үшін 25 гектар қосымша жер дайындалды. Бұл Есіл ауданының жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін қосымша 25 жұмыс орны табылады деген сөз.
Камила Әбдельманова