Мемлекет 50 пайызын төлеп беретін жалдамалы пәтерлердің бір шаршы метр құны белгіленді. Яғни Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 2759 теңге, Шымкент бойынша 2142 теңгені құрайды. Сәуірде ғана бастау алған бағдарламаға сәйкес бұл мүмкіндікті көпбалалы отбасылар мен жетімдер санатындағы азаматтар пайдалана алады. Әзірге ең көп өтініш Түркістан облысынан келіп түскен. Әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасылар мен жетімдер санатындағы азаматтарға мемлекет субсидиясы есебінен тең жартысы төленетін жалдамалы пәтер беру науқанының басталғанына тура үш ай болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
Бүгінде арендалық пәтердің шаршы метрінің құны белгіленді. Сондай-ақ, баспанада тұратын әр адам басына қанша шаршы метр тиесілі екендігі анықталды.
“40 шаршы метрлік пәтерді ғана ала алады. 4-5 адам — 60 шаршы метр. 6 адамнан асатын болса 80 шаршы метр. Максималды 80 шаршы метр. Оны жалдап тұру құны орташа есеппен 220 мың теңгеден аспайды. Сонда 50 пайызы 110 мың теңге қалтасынан шығады. Егер бұл сомадан асып кетсе, артық қаражатты жалдап жатқан адам өз қалтасынан қосады”, – дейді «Отбасы банк» АҚ Бизнесті дамыту басқармасының басшысы Марина Орынбаева.
Қазынадан 50 миллиард теңге бөлінген бұл бағдарламаның қанша уақыт жұмыс істейтіні белгісіз. Десе де тәуелсіз сарапшылар халықты тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде бұл тетіктің әлсіз екендігін айтады. Онсыз да, Ұлттық Қорға салмақ түскен ауыр шақта, бағдарлама өміршең болмауы мүмкін.