«Ақмола облысында көпбалалы отбасылар кәсібін дөңгелетіп отыр. Макинск қаласында ағаштан жиһаз дайындайтын көпбалалы әке көпшілікке үлгі. Ал Бұланды ауданының тұрғыны, сегіз баланың анасы үйден шағын тігін цехын ашқан»-, деп хабарлайды «Хабар24».
Шайдолла Бекзадаұлы бес баланың әкесі. Жастайынан ағаштан түрлі бұйым жасайды. Балалы болғаннан кейін, отбасын асырау мақсатында осы ісін табыс көзіне айналдыруды қолға алыпты. Жұмысын шағын цехты жалға алып бастаған Шайдолланың өнімдеріне қазір сұраныс жоғары.
-«Өзімнің қолымнан келетін болғаннан кейін, осыған өзім жақын болғандықтан бірдеңе жасауға, ақырындап үйрендік. Басында бәрін білгеніміз жоқ. Бірінші сол диваннан бастағанбыз. Одан кейін шкафтар. Қазір енді бәрін жасайтын болдық. Көбіне тапсырыспен істейміз. Дайынын да істеп қоямыз уақыт болған кезде. Сұраныс жақсы. Карантиннен кейін азайды, әйтпесе оның алдында жақсы болатын»-, дейді көпбалалы әке, Шайдолла Бекзадаұлы.
Сегіз баланың анасы Марта Қайсар тігіннің қыр-сырын анасынан үйренген. Жиырма жылдан астам уақыт осы іспен айналысып жүрген ол ұлттық ою-өрнек пен түстердің үйлесімін қатаң сақтайды. Қазір өз үйінен шағын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
-«Бұл жұмыстың машақаты да көп, қызығы да, шыжығы да көп. Осы жұмысты жасап жүріп, баламызды бағы жүріп, осылай күн көріп жатырмыз. Басында хобби ретінде бастадым. Содан кейін кәсібіме айналып кетті. Мен мұнда отырмасам, ауырып қалсам да, осында келіп, жұмысымды жасап, жіптерімді орап, сызуымды сызып, тігіп, сосын ішімдегіні шығарып тастаймын»- дейді көпбалалы ана, Марта Қайсар.
Өткен жылдың өзінде Бұланды ауданында мүмкіндігі шектеулі 20-ға жуық тұрғын мен көпбалалы ана грант алып, кәсібін бастаған. Олар өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, көпке үлгі болып жүр.
Асланбек Шығыр, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный, Ақмола облысы, Хабар24