«Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артісі, театр актрисасы Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден озды»-, Ақмола облысының мәдениет басқармасы.
Роза Әшірбекова 1938 жылы 15 сәуірде Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Қазгородок ауылында дүниеге келген. Актриса 1960 жылы академиялық драма театры жанындағы студияны бітіріп, сол жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады.
60 жылдан астам ғұмырын өнерге арнап, «Парасат», «Құрмет» орденімен марапатталды.
Актрисаның алғашқы рөлдерінің бірі – Б.Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» спектакліндегі Анна бейнесі.
Театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімі» мен «Бетпе-бетінде»), Шафақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Гертруда (У.Шекспирдің «Гамлетінде»), Гиацинта (Мольердің «Скапеннің айласында»), Аркадина (А.Чеховтың «Шағаласында»), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде») рөлдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін жан-жақты танытқан, Қазақ сахна өнері тарихынан өзіндік орын алған бейнелер.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы марқұмның жанұясына, жақындары мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Жарқын бейнеңізді сүйікті көрермендеріңіз мәңгілік жадында сақтайды.