Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Шортанды ауданының тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралады.
Министрмен кездесуге келген жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, су, жылу және электрмен жабдықтау мәселелері көтерілді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда, әсіресе жазғы маусымда, ауыз су жиі болмай қалады.
Бүгінгі күні облыс әкімдігі тарапынан су құбыры желілерін қайта құру жобасы әзірленуде. Ол аудан орталығын сумен жабдықтау мәселесін шешуі тиіс.
Ә.Қуантыров, сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, ҰЭМ әкімдікпен бюджеттік өтінімді уақытында уәкілетті органға (ҚР ИИДМ) ұсыну мәселесін пысықтайды деп сендірді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары қазандық салу және көп пәтерлі үйлерді орталық жылуға қосу мәселесін шешуге жәрдемдесуді сұрады.
Министр Шортанды ауданы Дамса ауылындағы орталық қазандық пен жылу желілері құрылысының жобасы жан-жақты қарастырылатынын айтып, осы сұрақты бақылауға алатынын атап өтті. Жобаны қаржыландыру жоспарлы тәртіппен қаралатын болады.
Өз кезегінде, Төңкеріс станциясының тұрғындары электр қуатының үзілуіне байланысты желілерді қайта құру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Ә.Қуантыров бұл мәселе келесі жылы облыстық әкімдіктен бюджеттік өтінім түскеннен кейін міндетті түрде қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар, ведомство басшысы Шортанды кентіндегі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы сомасы 254 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген Демалыс орталығын аралады.
Жаңартылған орталықтың инфрақұрылымы заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, барлық жастағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орынға айналды.
Кешен көрермендер залымен, көркемөнер шеберханасымен, би студиясымен, кітапханамен және коворкинг-орталықпен жабдықталған. Балаларға арналған театр, домбыра, хореография, эстрадалық ән айту мен әйелдер вокалдық тобы секілді үйірмелер қайта іске қосылды.
Өңірде бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық экономика министрі жұмыс сапары аясында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен стадионға барды.
Жалпы сыйымдылығы 1250 орын болатын аренада заманауи жасанды төсем орнатылып жаңа жүгіру жолдары салынды.
Жалпы, ағымдағы жылдың бес айында Шортанды ауданында 4 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, инвестициялар көлемі 10 млрд. теңгені құрады, жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 6,3%-ға артты. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету – 100% құрайды.
t.me/presseconomy