Юлия Лагуткина – Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің түлегі. Қазір сол университеттің 2-курс магистранты. 12 жыл орыс мектебінде білім алған өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, білімін өзгелермен бөлісіп те жүр. Сонымен қатар ағылшын, түрік тілдерін де жаксы біледі. Болашақта испан, француз тілдерін үйренуді мақсат етіп отырған ол: «Тіл үйрене алмадым деу құр сылтау. Шын ниет пен тұрақты ізденіс қажет»-, дейді. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданына қарасты Лавровка ауылының тумасы қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті мектептегі ұстазы Жанар Құсайынова оятқанын айтты. Білім беру методикасы өзгелерге ұқсамайтын ұстазы тек қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрлер мен ұлттық болмысты оқушылардың санасына сіңіре білген.
«Ол кісінің сабағы басқа ұстаздардікіне ұқсамайтын. Біз жай ғана мәтін оқып, шығарма, эссе жазумен шектелмейтінбіз. Сынып бөлмесінде кішкентай ғана теледидар болатын. Мұғалім таңертең оны қосып,қазақ тілінде жаңалықтар көрсететін. Біз түсінгенімізді, ойға түйгенімізді ортаға салып, талқылайтынбыз. Күн сайын балаларға жаңа тақырыпты қызықты етіп жеткізуге тырысатын. 9 сыныпта іріктеуден өтіп Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдандым. Ауылдағы білім ошағында үйренгенімді тәжірибе жүзінде пайдалануға жол ашылды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен түрлі облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Дайындық барысында тілді тереңірек меңгере түстім. Осындай олимпиадалардың пайдасы көп тиді»-, деді тіл жанашыры, Юлия.
Сонымен қатар, кейіпкер мемлекеттік тілді өзгелерге де үйретіп жүр. Әлеуметтік желі мүмкіндіктерін де белсенді пайдаланады. Юлияның курстарына әртүрлі жас өкілдері қатысатын көрінеді. Және әр адамға жеке әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып тілді үйрететінін айтты.
«Қазақ тілінен сабақ беруді 3 жыл бұрын бастадым. Курстарым балаларға да, ересектерге де арналады. Бірақ әр түрлі жас ерекшелігіндегі оқушыларым үшін әртүрлі бағдалама әзірледім. Мысалы, балаларға ерекше тәсілдермен қызықтыра білу керек. Олардың қызығушылықтарына бейімделіп, ақпаратты қысқа әрі нұсқа беруге тырысамын. Арнайы бейнероликтер әзірлеп қоямын. Түрлі ойындар ойнату арқылы балардың көңілін аулаймын. Ал, ересектерге кітап оқыту , мәтіндермен жұмыс жүргізу арқылы үйретемін. Осылайша, әр оқушыма ерекше көңіл бөліп, бар білгеніммен бөлісуге тырысамын»-, дейді кейіпкер.
Тіл үйрену үшін сол мемлекеттің рухани болмысы мен мәдениетін де санаңа сіңіру керек деген ұстанымды қолдайтын Юлия, әлеуметтік желілерде қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы да жиі айтып, түрлі бейнероликтер салып тұрады. Қазақ ұлтының салт-дәстүрін, жол-жоралғыларын заман талабына сай жастарға насихаттап жүрген патриот жастардың бірі десек артық айтқанымыз болмас.
«Кез-келген тілді үйрену үшін тек граматика мен морфологиясын ғана емес, тілдің тарихын, сол халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін де толық білу керек деп ойлаймын. Сол себепті, өз парақшам арқылы халыққа осы нәрсені түсіндіргім келді. Осылайша, осыдан 2 жыл бұрын салт-дәстүр, әдет-ғұрып тақырыптарында түрлі бейнероликтер түсіру идеясы келді. Оқырмандарым бұл бастамамды ерекше ілтипатпен қабыл алып, үлкен қолдау көрсетті. Қазіргі күнге дейін бұл үрдісті жалғастырып келемін. Инстаграм парақшамда әртүрлі айдарлар бар. Мысалы, әр жексенбі сайын караоке айдарын жүргізіп тұрамын. Яғни, бұл қазақша әндерді орыс тіліне аударып, мән-мағынасын оқырмандарға түсіндіру арқылы мемлекеттік тілді үйретудің бір тәсілі».
Юлия үйде, отбасы мүшелерімен де қазақша сөйлейтін көрінеді. Осылайша жақындарына да мемлекеттік тілді дәріптеп жүрген кейіпкеріміздің айтуынша, тіл үйрене алмаймын деген құр сылтау сөз. Талпынысы бар адам тұрақтылықпен, жүйелі түрде білімін толықтырып отырса алынбайтын қамал жоқ. Тек ерінбеу керек. Болашақ елші болуды армандайтын ол тағы бірнеше тілдерді меңгеруге нық қадамдар жасап келеді. Қазақсттанның әр азаматы Юлиядан үлгі алып, мемлекеттік тіл мен ұлттық болмысты құрметтесе дейміз. Мемлекеттің болашағы да, тілдің мәртебесін көтеру де – біз бен сіздің және өскелең ұрпақтың тілекелей міндеті. Ұлтқа, жасқа қарамай ел болашағы үшін тынбай еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың бар болғаны қуантады.
Камила Әбделманова
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан