Жеке кәсіпкерлер үшін де, мемлекет үшін де бизнесті қорғаудың эко-жүйесін дамыту маңызды шаралардың бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың мамыр айында қазақстандық бизнесмендермен кездесуде бақылаушы органдар қызметінің репрессиялық сипатын төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті. Осыған орай, Ақмола облысында да жеке кәсіпкерлікті қолдап, дамытуға ерекше ден қойылып отыр. Басшылық ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Осы мақсатта облыс бойынша, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 240 млрд.теңгеге 4 241 жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, бағдарламаға қатысушылар 11 жыл ішінде 1,8 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 5,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы форумда Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы, Малғаждар Тәткеев баяндады.
«Облыста жүргізіліп жатқан жұмыс шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштерінен де көрінеді. Мәселен, бүгінде жұмыс істеп тұрған бизнессубъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті және 50,8 мың бірлікті құрайды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 2,7%-ға өсіп, 133,4 мың адамды құрады. Бұл облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бірі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнестен 40 млрд. теңге салық түсті, бұл өткен жылдың жарты жылдығынан 23%-ға артық»-,деп толықтырды сөзін Малғаждар Тәткеев.
Жеке кәсіп ұйымдарының құқықтарын қорғау жұмыстары да қарқанды жүруде. Айталық, биылғы жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 243 өтініш келіп түсті, оның 102-сі оң шешімін тапты. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шеңберінде,кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы кеңес жұмыс істейді. Кеңес құрамына әкімдік, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, мемлекеттік қызмет және экономикалық тергеу департаментінің өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілер кіреді.
«Кеңес отырысына жүйелі, сондай-ақ жедел араласуды талап ететін өңірлік бизнестің өзекті проблемалары талқыланады. Мәселе қорытындылары бойынша тиісті шешімдер қабыланып, мемлекеттік органдар құзыретіне тапсырылады. Әрине, барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес, бірақ бірлескен күш-жігердің арқасында бизнестің көптеген мәселелерін оңай шешуге болады. Бизнесті қорғау экожүйесін құру шеңберінде облыс прокурорының өкімімен барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы жүргізілген талдауды талқылайды және оның нәтижелерін қорытындылайды»- деп мәлімдеді Ақмола облысының прокуроры, Айдос Майлыбаев.
Сондай-ақ, форум барысында құқығы тапталған кәсіпкерлердің шағымдары тыңдалып, шешім қабылданатыны айтылды.
Камила Әбделманова
Фото: Берік Ескенов