Қазіргі заманда медицина электрондық мүмкіндіктерді жиі пайдаланады. Дегенмен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы үнемі бірінші кезекте. Бүгінгі таңда өңірдің денсаулық сақтау жүйесін технологиялық жаңарту және нығайту маңызды жұмыстардың бірі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, 2019 жылы 213,6 млн.теңгеге 996 бірлік компьютер сатып алынды, бұл компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмыстарын 100% – ға жеткізуге мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау саласындағы медициналық ұйымдарда 20-дан астам медициналық ақпараттық жүйе пайдаланылады:
«Қағазсыз құжат айналымын жүргізу мақсатында облыстың медициналық ұйымдарының қызметкерлері пациенттердің есептік деректерін «Даму Мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы жүзеге асырады, кейіннен интеграциялау бойынша статистикалық және өзге де медициналық ақпаратты құра отырып, басқа ақпараттық жүйелерге көшеді», – деп хабарлайды Бибігүл Омарова.
«Бүгінгі таңда «Даму мед» мобильдік қосымшасын 203 511 адам пайдаланады. Өңірдегі толтырылған электронды денсаулық паспорттарының саны 767 960 , бұл атқарылуы керек жұмыстың 98%-ын құрайды. Кешенді медициналық ақпараттық жүйеге 38 медициналық ұйым қосылды, – деп толықтырды спикер.
Ең алдымен, медициналық қызметтердің сапасын арттыру электрондық денсаулық сақтау саласын дамытуды және қағазсыз құжат айналымына көшуді талап етеді. Бұл бастама да өз жемісін беретін үлкен жұмыстардың бірі.
Бұдан басқа, денсаулық сақтау басқармасы мен облыстың медициналық мекемелері мемлекеттік қызметтердің 28 түрін көрсетеді, оның ішінде 19-ы денсаулық сақтау жүйесіне жатады.
Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың арқасында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға тіркелу, сондай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылу, жедел жәрдем қызметін үйге шақыру сияқты электрондық қызметтерге жүгінуге болады.
Камила Әбделманова
Фото: Рамиль Дусумов