3 жылдан бері халық үшін тыңдай еңбектеніп келе жатқан және бірталай нәтиже көрсетіп жүрген «Asar Ume» қоры қайырымдылық марафон аясында Көкшетауға келді.
Асар командасының жетекшісі Асхат Нұрмашев пен қор мүшелері ақмолалықтармен кездесіп, өткізілген жұмыс туралы айтып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
Күні кеше әлеуметтік желіде Көкшетаулық дертке шалдыққан көпбалалы жалғызбасты әкенің жағдайын бүкіл Қазақстан көріп, оған қол ұшын созды. Рүстем Әбдіқашевтың баспанасы кішкентай баламен тұруға жарамсыз еді. Көпшіліктің көмегімен жалғызбасты әкеге пәтерлі болу бақыты бұйырды. 8 млн. теңгені құрайтын сертификат оған сахнада табысталды.
Айта кетейік, көкшетаулық 11 отбасы 3 жыл ішінде Асар қорының көмегімен баспаналы болды.
Іс-шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов бұл игі бастамаға билік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты: «Бүгінде елімізде ата-бабамыздан келе жатқан қайырымдылық үрдісі қарқынды дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында «Жаңа Қазақстанның құрылысы бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үрдіс. Егер біз бірлесе жұмыс жасасақ, өз мақсатымызға жетеміз»-, деп айтқан. Осы тұста Асар уме жобасы да қарқынды дамуда, бір қатар шараларды атқаруда. 3 жыл бойы олардың жасаған еңбектеріне әлеуметтік желі арқылы куә болып отырмыз. Алғашқы рет биліктің қолдауымен «ASAR JOLY» үлкен жобасы іске асқалы жатыр. Бұл тек алғашқы қадамдар. Бара бара биік белестерді бағындырады деп сенеміз. Ең бастысы билік қолдау көрсетуге дайын».
Игі бастама билік басындағы саяси тұлғаларды да бей-жай қалырмағаны қуантады. Айталық, форумға қатысқан ҚР ұлттық экономика вице-министрі-Абзал Әбдікәрімов қайырымдылық қорына билік те бірлесіп халыққа жәрдемдесуге әзір екенін айтты. Экономика министрлігің тапсырмасы бойынша «ASAR JOLY» қайырымдылық жобасы Қазақстанның 20 қаласына барып, форум өткізетін болады. Нұр-Сұлтан қаласында шымылдығын ашқан бастама, Қарағанды қаласында жалғасын тауып, 23 шілде күні Көкшетау қаласына да табан тіреді.
«Асар сөзінің мағынасы өте тереңде жатыр. Бұл тек ақшалай көмектесу емес,өз қолымен, адал ниетімен мұхтаж жандарға қолұшын созуды көздейтін философиялық құдіретті ұғым. Осы орайда Асхат Нұрмашев әлеуметтік желі мүмкіндіктерін қолдана отырып,қор ашып, қажетті қаражатты жинап, 400-ден астам отбасыға баспаналы болу бақытын сыйлап отыр. Бұл үлкен жетістік. Президентіміздің тапсырмасы бойынша «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы да қарқынды жұмыс жасап келеді. Осы бағдарламаның негізгі қағидаттарының бірінде қайырымдылық бағытына да ерекше көңіл бөлінген. Осы бағдарлама аясында Республиканың барлық өңірлерінде, соның ішінде Ақмола облысында да бірқатар жобалар іске асырылуда»-, деп мәлімдеді Абзал Әбдікәрімов.
Асхат Нұрмашевтің айтуынша, қайырымдылық жобасы екі маңызды кезеңнен тұрады. Біріншісі –Сенім. Халықты мейірімнің, жақсылықтың барына сендіру. Көмектесу. Екіншісі – Өркендеу. Яғни білім алуға, өсуге, жақсы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Камила Әбделманова
Фото Берік Ескеновтікі