«2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында 11 709 жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары негізінде 2564 азамат напақалы болды. NEET санатындағы 74 азамат жұмыспен қамтылды.
«Бірінші жұмыс орнының ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін ұлғайғанын, төлем мөлшері 20 АЕК-тен (63600 теңге) 30 АЕК-ке (95400 теңге) дейін ұлғайды»-, деп хабарлады Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі – Дина Ахметжанова.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 384 азамат, ал, қоғамдық қызметтерге 1773 адам орналастырылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аяқталғаннан кейін жұмыс орнының тұрақтылығы мен зейнетақы жарналарын дұрыс болуына ерекше көңіл бөлетіндерін де айтып өтті спикер.
Биылғы жылдан бастап жұмыспен қамту бағдарламасы қосымша 2 жаңа шараны іске асыруда:
– «ұрпақтар келісімшарты» бойынша 11 жас маман жұмыспен қамтылды. Аталған шараға 2 жыл ішінде оқуды аяқтаған және 29 жастан аспаған оқу орындарының түлектері қатыса алады.
-«зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамту» шарасы бойынша 60 адам жұмысқа орналасты. Еңбек өтілінсіз қалған азаматтар зейнет жасына дейін жұмысқа орналасып, шамамен 95400 тг көлемінде жалақы ала алады.
Халықты бизнес бастамаларда қолдау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Айталық, биыл 487 адамға 596,7 млн.теңге сомасында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беру жоспарланған, оның ішінде 260 грант жастар үшін. Жыл басынан бері 21 грант беріліп, оның 10-ын жастар еншіледі.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенер болсақ 2022 жылдың басынан бері жұмыссыздық деңгейі 4,8% – ды құрайды, бұл республикалық деңгейден 0,1% – ға төмен. Бүгінгі күні халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны 3892 адамды құрайды. Ал, жұмыспен қамту органдарының көмегімен 6383 адам жұмысқа орналасып, айлық табысын тауып отыр.
Биылғы жылдың 2-ші жартыжылдығында Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларында және Атбасар ауданында әлеуметтік санаттағы отбасыларды жұмыспен қамту және қолдау мақсатында 4 жаңа орталық ашу жоспарланған. Орталықтарды ашуға облыстық бюджеттен 40 млн.теңге сомасында қаражат бөлінген.
Орталықтар базасында 9 мың көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 3 мың отбасы, 2 мың аз қамтылған және басқа да әлеуметтік осал санаттағы ерекше көңіл бөлуді қажет ететін азамматар бар. Оларға әлеуметтік бейімделуге, білім алуға, кәсіпкерлік бастамалар ашуға, «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді консультация беріп, көмек көрсету жоспарлануда.
Камила Әбделманова