Жыл басынан бері Ақмола облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 413 шағым келіп түскен. Олардың көбі бөлшек сауда бөлімдеріне тиесілі.
Светлана Занегинаның айтуынша, жүргізілген жұмыс нәтижесінде 413 шағымның 247-сіне шара қолданылып, 154 өтініш бойынша түсініктеме жазғызылды. Тұтынушыларға 13,3 млн.теңгеден астам қаражат қайтарылса, тағы 62 тұтынушы сапасыз тауарды айырбастау мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шағымдардың 30% – ға (немесе 126-ға) өсуі байқалады, ал қайтару сомасы 7,8 млн.теңгеге өскен (2021 жылғы 6 айда 5,5 млн. теңге қайтарылды).
Интернеттегі тауарлар мен қызметтердің көбеюіне байланысты онлайн-сатушылар тарапына шағымданушалар саны көбейді.
«Биыл 13 тұтынушы әрқайсысы құны 700 мың теңгеден қымбат тұратын массаж қалпақшаларын сатып алып, ақшаларын қайтарып беруді сұрады. Іс тауар туралы жалған ақпарат берушілерді әшкерелеу арқылы жүргізілді. Сонымен қатар, фирма қызметкерлері тұтынушыларға өздерінің смартфондары арқылы едәуір сомаға (720 600 теңге, 834 400 теңге) несие ресімдеуді өтінген. «Жапондық өндіріс» деген өнімдері шын мәнінде Қытайдыкі болып шықты. Ал, техникалық сипаттамалары ұқсас өнімдердің құны ондаған есе төмен екен. Департамент жүргізген тиімді жұмыстардың нәтижесінде, алаяқ сатушыларға алданған 12 тұтынушыға 8 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды. Тағы 1 өтініш әне-міне дегенше шешімін таппақ», – деп атап өтті департамент басшысы. Осы тұста халыққа мұқият болып, онлайн тауар алған кезде сенімді дүкендер желісіне жүгінген жөн.
Тұтынушылар назар аударуы тиіс тағы бір проблемалық мәселе – сәйкес келмейтін өнімді ауыстыру немесе ақшасын қайтарып алу. Сатушылар әдетте бұндай мәселені шешу уақытын созып, кешіктіреді. Кейде тіпті төлем жасалғаннан кейін сатып алушыны бұғаттап тастайтындары да жоқ емес. Бұндай жағдайда құқығын қорғау үшін тұтынушы мемлекеттік органға ресми түрде жүгінуі керек.
«Жақында 5 тұтынушы Wildberries интернет-дүкенінің тиісті және тиісті емес сападағы тауарлары үшін ақшаны қайтарудан бас тартуы бойынша шешім қабылдауды өтінді. Департамент «Тұтынушыладың құқығын қорғау» заңнамасына сүйене отырып сатушылармен байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жасады. Нәтижесінде өз құқықтарын қорғау үшін жүгінген барлық тұтынушыларға интернет-дүкен жалпы сомасы 184 мың теңгеден астам ақшалай қаражатты қайтарды», – дейді спикер.
Тұтынушылық дауларды шешіп, тексерумен қатар, департамент өңір тұрғындары үшін түсіндіру жұмыстарын да қарқынды жүргізеді. Сондай-ақ департамент Instagram және Facebook әлеуметтік парақшаларын да белсенді түрде жүргізеді. Онда әр парақшада шамамен 1854 ақпараттық және түсіндіру сипатындағы материалдар жарияланған.
Камила Әбділманова
Фото автордыкі